«Айқап» пен «Қазақтың» елшілдігі

Кеңес кезеңінде арғы дәуірлерді былай қойып ХІХ-ХХ ғасырлардың түйісіндегі бар оқиғадан таптық қайшылық ізделгені және ғылыми әдебиеттерде қарама-қарсылық айшықтала жазылғаны мәлім.

Стихиялы түрде өткен 1916 жылғы патша әскеріне баруға қарсы бас көтерулер «революцияға даярлық еді» деп бағаланғаны да есте. Ал ұлт проблемасын әр түрлi тараптан сөз еткен Алаштың алғашқы iрi басылымдары – «Айқап» пен «Қазақты» бір-біріне қарсы қойғанда, балшабектік диктатура қалыптастырған жүйенің әріден көздеген мақсаты болғаны жасырын емес.

Бұл арқылы ол «қазақ оқығандарының басы ешқашан біріккен емес және бірікпейді де» дегенді жас ұрпақтың санасына сіңіргісі келді. Шынтуайтын айтқанда, «Айқаптың» (1911-1915) да, «Қазақтың» (1913-1918) да дiттегенi – бір Алаштың бақыты едi.

Қазақтың «қап» дегiзген қапияда өткен iстерiне жаны ауырып дүниеге келген «Айқаптың» тұңғыш нөмiрiнде: «Журналға бастыруға жiберiлген материалдар қазақша, ноғайша, орысша һәм түрiкше болса да қабыл алынады», – деп жазуында /1/ үлкен мән бар.

Бiрiншiден, жазушылары сайланбай, алаш сұранымына сәйкес өмiр жүзiне шыққан журнал авторларға зәру едi.

Екiншiден, екi басты самұрық кейпiндегi империя – қазақтың, ноғайдың, түрiктiң (қырым татарлары, әзiрбайжандар түрiкке саналған), орыс тiлiнде жазып-сызатын басқа да шет ұлттардың, тiптi демократияшыл орыс халқы өкiлдерiнiң обыр бейнесiндегi (А.Байтұрсынұлы осылай сипаттайды) жауы, яки қарсыласы болатын. Сондықтан журналды шығарушылар осыларға, олардың бiрлiгiне арқа сүйедi.

Үшiншiден, империя ұлттары iшiнде материалдық жағынан қуаттысы, саяси өмiрдегi белсендiсi – татарлар едi. Сол себептi олардың «милләт!» (ұлт) ұраны мен милләтшiлдiк қозғалысын «Айқап» азаматтары ықыласпен қарсы алды. Бұл қозғалыстың күрес жүйесiн, тiптi оны сипаттайтын атауларды сол күйiнде қабылдауды қолдады. Алайда негiзгi нысана – қазақты хұқын қорғай алатын ел дәрежесiне жеткiзу болатын.

aikap 1

«Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деп, алдына нақты мақсат қойып жарыққа шыққан «Қазақ» газетi ұлтты Алаш ұранына топтастырып, дамытуды ойлады. Ағартушылықтың жан-жақты болуын  жақтады. «Милләттiң» қазаққа түсiнiктi «жұрт», «ұлт», «алаш» нұсқаларын актив қолданысқа түсiрдi. Түрiк ұлыстарының көзсiз бiртұтастануын емес, жеке-дара мықты болып, ортақ мүдде бойынша бiрiгуiн қолдады.

Осы орайда, А.Байтұрсынұлының сөзiмен айтқанда: «Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды», – деген /2/ тоқтамға келдi. Газет шығысымен, Петербордан С.Жанайдарұлы, Б.Есiмханұлы, Ы.Оразалыұлы, Ғ.Жұмабекұлы, М.Поштайұлы, М.Шоқай (барлығы 6 адам) атынан жолданған хатта: «Қазақта қаламменен жәрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бiр нәрсе жазғанда, басқа араб, парсы, ноғай қарындастарымыздың тiлдерiн орынсыз көп кiрiстiрмей, өзiмiздiң қазақтың нағыз қара тiлiмен жазып тұрса», – деп айтылған өтiнiш – осы басылымның негiзгi ұстанымы болды. Бұдан «Қазақ» газетi ұлы Абайдың:

Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар

Еңбегiң мен ақылың екi жақтап,-

деген /3,214/ кеңесiнен нәтиже шығарғаны аңғарылады.  

Сонымен, «Қазақ» газетi ұлтты өркендету үшiн тiл тазалығына, дәстүр сабақтастығына көңiл бөлiп, нақты халықты, яғни қазақ халқын Ресей шындығына сәйкес дамытуды көздедi. Ол «милләт» сөзiн сирек қолданды, бiрақ оның есесiне ұлт, жұрт сөзiн жиi  пайдаланды. Қазаққа ұран есебiндегi «Алаш» сөзiн ұлттың қайратты тел-ныспысы ретiнде қолданды.

Тұтас қарағанда, «Айқап» пен «Қазақ» бiрiн-бiрi толықтырған, Алаш һәм күрделi заман арақатынасын түсiндiруде әрқайсысы өзiнше iзденген басылымдар екенiне көз жеткiземiз.

1911 жылы 6-10 санында Орынборда шығатын  татардың  «Шора» журналы «Қазақ халқы жоғала ма, жоғалмай ма?» деген тақырыпта пiкiрталас ұйымдастырады /4/. Бұған Ғабдолғазиз Мұса: «Бiр елдiң жоғалуы үшiн надандық, кедейлiк һәм нәсiл кемушiлiк, яғни нәсiлi өшпеушiлiк көбею керек, iлкин қазақта хал олайша емес. Қазақ жоқ болатын халық демек орынсыз», – десе, Жаһандаров: «Қазақтың жақсы ғадетi қалды. Өтiрiк, өсек, ұрлық, өтiрiкке ант беру, таласу көбейдi. Халық бұзылды. Мұндай халық (таурихтарда көрiнгенше) жоғала келген. Қазақ та сөйтер», – дейдi.

aikap 2

Осы айтысты татаршадан тәржiмелеген және оған қоса өз пiкiрiн «Менiң ойым» деген атпен ұсынған Нұралдин Моллағазин: «Сөздiң төтесi: қазақ бiтетұғын болды деп үмiт үзбей, кем жерiн көрсетiп түзетуге, жақсы жерiн онан да арттыруға демдеп, жоғалу-жоғалмау сықылды сөздердi қоя тұрып, заманаға, тiршiлiкке муафық жол көрсетiп, теңiзге жауған жаңбырдай болмай, халқымыздың ағаруына тiл, қаламыңызбен қызмет етулерiңiздi ...құрбылық, замандастық жөнiнен өтiнемiн», – деп тұжырымдайды /5/.

Ұлттық дербестік жолындағы күрес кезеңiнде жоғарыдағыдай пiкiрталасқа татардың басқа да басылымдары ұйытқы болғанға ұқсайды.

Мұны «жығылғанға жұдырық» деп бiржақты қабылдау дұрыс емес. Шындығында бұл әл-Маржани мұрагерлерiнiң демографиялық әлеуетi күштi ағайын-қарындас қазаққа жаны ашығандығының  көрiнiсi едi («Қазақстан» газетi мен «Айқап» журналын ара-тұра татар алпауыттары қаржыландырғанын естен шығармаған жөн).

Алайда жергiлiктi жағдайды, дәстүрдi, тығыз отырмаған елге отаршылдықтың тигiзген зиянын татар зиялылары жiтi бағамдай алмады. Басқа түскен қиындыққа көңiлмен ортақтасу бар да, ол қиындықтың себеп-салдарына үңiлу бар. Өкiнiшке қарай, қазаққа болысқандар алғашқысынан әрi аспады. Бұлай болудың мәнi – бiрлiктiң әлсiздiгiнде едi. Мағжан:

Көп түрiк еншi алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?-

дегендi /6,188/ негiзсiз айтқан жоқ. Бiз сөз естiп отырған шақтан кейiн жазған осы «Түркiстан» өлеңiнiң соңында ақын: «…Барсаңшы iздеп бабаң бейiтiн!» – дейдi. Бұл түрiк халқы қара шаңырақ – Түркiстанды iргетас етiп бiрiге алады деген ой едi. Әрине, ХХ ғасыр басында қиюы кеткен қазақ тұрмысы бiрлiкке негiз болмасы белгiлi-тiн.

Бiрақ тұрандық менталитеттiң қазақ iшiнде сақталып қалғандығы және мұндағы тiл-әдебиет, жалпы руханият тазалығы – татар «позициясы» байқалғанда, Алаш идеясының өрiстеуiне мұрындық болды. Бұл идея тұрмысты да, бiрлiктi де түзетуге жұмылды.

«Айқап» бетiнде басылған милләтшiл яки елшіл өлеңдер аз емес.  Ақындардың таланттысы бар, талаптысы бар – бәрi кестелi сөзiмен  халқына ой айтты, жөн көрсеттi. Мысалы, Хамза Бекмұхаметұлы:

Қазағым, көтер басың, жатпа бекер,

Ғұмырыңыз жатуменен босқа өтер.

Көтерер басыңызды уақыт жеттi,

Iлгерi ұмтылысып талап етер,-

деп қандай мезгiл келгенiн меңзесе /7/, Жұмағали Тiлеулiұлы:

Басқаға қарап тұрып таң қаларсыз,

Солардай тумадық деп зарланарсыз.

Азырақ көңiлiңiзде хабар болса,

Олардың iсiн-жөнiн аңғарарсыз,-

деп /8/, байыпты болуды нұсқайды. Ал ендiгi бiр авторлар ұлт мүмкiндiгiн арттыруда там-тұмдап ғылымды игеру қажеттiгiн айтады. Осы ретте Шалман деп қол қойған қаламгер:

Татарлық ғылымнан  дәм болған балдай,

Болашақ заманымыз әлде қандай?

Дiн, милләт жер-суменен қозғалмайды,

Талпынсақ қанат бiткен балапандай,-

десе /9/, Түрiкмен Шахмұрат Назари деген псевдонимдi пайдаланған ақын:

Дүниеден ешбiр хабар аласыз ба?

Көңiлге дiн, милләттi саласыз ба?

Тұрыңыз бас көтерiп ғылым үшiн,

Япырмау, басқалардан қаласыз ба?-

деп /10/, замандастарына төпелете сұрақ жаудырады.

Қазақ қауымына тамырын терең жiбере бастаған надандықтың пайда болуы мен таралу себебiн жүйелi түсiндiрген Ғабдолғазиз Омаржани есiмдi қаламгер:

Оянып  заман келдi ғылым бiлiп,

Ешкiмнен кем болмауды ойлайтұғын.

Пида ғып мал мен жанын ер жiгiттер,

Қайратын милләт үшiн  жолдайтұғын.

Қаруын бiлiм-өнер киiп алып,

Дұшпанан ел мен  жұртын қорғайтұғын,-

деп, ұлтын бiлiммен қорғағысы келедi /11/. Ал, осы журналдың  және бiр авторы Дәуiт Отарбайұлы ұлтына хат арнай отырып, «Айқап» пен «Қазақтың» соңынан ерудi үгiттейдi. Бұл қаламгер алаштың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген нақылын жаңғыртып:

Милләтке малым түгiл, жаным құрбан,

Ескiге ерiп қалмалық бекер қарап.

Әй, дос-жар, айтқаныңның бәрi де рас,

Еңбегiңдi еш қылмас тәңiрiм қалап.

Ұмтылып аяқты бас алға таман,

Ақырында бiр шығарсыз iске жарап,-

дейдi /12/.

Ислам құндылықтарына сүйенген мұсылмандық Шығыс тұлғалары әрiр адам екi дүниенi ойлап қамығып, қам жеп жүру керектiгiн, тiптi қайғы кiсiнiң ой тепе-теңдiгiнде жүруiне әсер ететiнiн айтқан болатын. Әдебиетiмiзде милләт тақырыбы көтерiлген кезеңде осы жай да пайымдалғанын байқаймыз. Мысалы, Рамазан Кәненұлы:

Оқыған талабың ба, замандасым,

Халық үшiн ағызыңдар көздiң жасын.

Сүмiрейтiп босағада отырғызбай,

Милләттiң жеткiзейiк төрге басын,-

деп жазады /13/. ХХ ғасыр басында баспасөзде көрiнген санаулы ғана қазақ қызының бiрi Мәриям Сейдалинаның (ол – төре тұқымы Жансұлтан Сейдалиннің қызы, кейін Петербор университетінің түлегі Сейілбек Жанайдаровқа тұрмысқа шығып, Ресейдің Небіл жерінде бала үстінде қайтқан) «Тұр, қазақ» атты өлеңiндегi: «Домбыра тартып, сауық құрған, Келмеске кеткен ол заман», – деген жолдар  /14/ Р.Кәненұлының үзiндiде берiлген ойымен ұқсас деп бiлемiз.

Өйткенi М.Сейдалина бұл шығармасында ескiнi аңсамайды («Өткен заман қайтар деп, Көз жасыңды құр төкпе»), жаңа замандағы ел халiне қам жейдi («Айырылды елдiң аласы»). Яғни, көз жасыңды өткенге емес, бүгiнге төк деген пiкiр айтады.

Ұлтты iлгерiлету жолында пайда болған милләтшiлдiкке үн қосқандар жоғарыда аталған авторлармен ғана шектелмейдi. Қалам ұстағанның күллiсi елге қызмет ету парызымыз деп бiлгендiктен, ұлт тақырыбы әр тараптан сөз болды.

Жұртын өзiнше қадiрлеген азаматтың бiрi атышулы Көлбай Төгiсұлы едi. Жалпы осы тұлғаның еңбегiн бiз бiржақты бағалауға қарсымыз. Өйткенi «Алаш» газетiне дейiнгi (Ташкентте шыққан осы газеттi Көлбай басқарған) және сол басылым тұсындағы Көлбай мен негiзгi ағартушылармен жөнсiз айтысатын Көлбай бiр емес. Бiр адамның бұлайша екiге жарылуы тарихта аз кездеспеген. Алғашқы Көлбай – қателессе де, ел үшiн iзденген азамат болса, соңғы Көлбай – бiрлiк қат кезде «ала қойды бөле қырққан» пенде, әлсiз жан.

К.Төгiсұлының iзденiс жылдары «Айқап» бетiнде жариялаған  (К.Найманский деген псевдониммен) өлеңi «Әй, қазақ!» деп  аталады /15/. Бұл да – милләтшiл шығарма. Мұнда қаламгер ұлтының ауыр халiне назалана отырып,  адымдаған сайын ұрынған қателiк неге алып барып соғатынын болжайды, «адасқан алашына» жол iздейдi.

Жүрегiм, iшiм өрт боп, апыр-топыр,

Дұшпанға дүрдиемiн болып батыр.

Дәретсiз пышақ салып былғаса да,

Қазағым бас көтермей ұйықтап жатыр.

Жол қайда, ғылым қайда, жарық қайда?

Iзденбей аянатын ендi не тұр?-

дейдi Көлбай. Өлең авторының лирикалық «менi» бүкiл қателiгiн «жайып салады». Қаламгер ендi «ХХ ғасыр қазақ ғасыры болса екен» деп армандайды:

Арналсын бұл қазақтың  баласына,

Адасқан алашыңды жолға бастап.

Жүректiң дәрi iзделiк жарасына.

«Әй, қазақ!» авторын шебер ақын дей алмаймыз. Ол кейде Абай сөзiне жиендiк жасағандай көрiнедi («Екi өлмек жалғыз жанға ғадiл емес», «Жүрегiмнiң түбiне көз жiберсең», «Жазған өлең сырыңды көпке жаяр»…). Бiрақ бiз дәл солай деп ойламаймыз.  Өйткенi бұл өлеңнен ақын болғысы келген авторды емес, көкейiндегiнi халыққа түсiнiктi тiлмен жеткiзгiсi келген авторды танимыз. Қаламгердiң елшiлдiк қозғалысқа қосқан үнiн естимiз.

Ресей империясының ызбары қатуланғанда дүниеге келген ұлттық баскөтеруге шығармашылығымен септескен қаламгердiң бiрi – Жүсiпбек Басығарин. Оның «Айқап» журналында жарық көрген «Ғылым мен надандықтың айтысқаны» атты туындысын – елдiктi жүйелеу бағытындағы еңбек дер едiк. Автор алаш жұртына етене айтыс формасын пайдаланып, ұлттың өсуiне қажет алғышартты түсiндiредi.

Фольклордың ұңғыл-шұңғылынан хабары болғандықтан, ол «Ғылымның» мерейiн өсiрер  ұрымтал көркемдiк тәсiлдердi қолданады. Айтыста алаштың «соқтықпалы, соқпақсыз жолы», өзге де қилы тағдыры баян етiлiп, «Ғылым» жеңiп шыққандай болады. Бiрақ «Надандық»: «Бар едi қазақтарда көп аласым, Алғанша жалыныпты мәулет бер деп» /16/. Бұл ендi – Жүсiпбектiң жұртты сақтандырғаны, қауiп барын меңзегенi.

«Айқап» журналының  қазақ өмiрiндегi орнын «Бiр адым болса да iлгерi басқанымыздың белгiсi» деп бағалаған «Қазақ» газетi өз миссиясы туралы: «Бiр-ақ бiр адым басып, сол күйiмен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Iлгерi басқанның үстiне iлгерi басуымыз керек», – деп жазған едi /17/.

Газет осы iзашар санында алға қойған мақсатын: «Милләт халiн ойымызға алып, қызмет етудi мойнымызға алып, арнаған бiр iсiмiз. Құдай сәтiн салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп iске кiрiселiк», – деп те жеткiзген болатын.

«Қазақ» көшбасшыларының милләт сөзiмен қатар құдай атын ауызға алуы кездейсоқ емес. Өйткенi алаш баласының Алла мен өз күшiнен басқа сенетiн ешкiмi жоқ едi. Халқына жаны ашыған аға толқын алаш зиялыларының жөнi бөлек, ал қайратты жастардың өзi бұл кезде: «Кел, мырзалар, жаңа талап жастар! Елiмiзге қызмет етелiк, жұрт iстегендi бiз де iстелiк, көрiнгенге күлкi болмайық!» – деп қатарластарына үндеу айта бастаған болатын /18/.

Бұл сөздiң иесi «студент Есенғали Қасаболатұлы» едi. Дәл осыған ұқсас ойды «студент Ғ.А.» деп қол қойған азамат та жеткiздi. Ол: «Қазақ» бетiнде жазылған мағыналы сөздiң баршасының тiрегi – ұлт пайдасы, ұлт өмiрi, ұлт өлiмi. ...Бiздiң қазақтың рәсiмi, ат қосқанда ат иелерi ата аруағына сиынып жанталасқанда, атына шылбыр салып, көмек берiп көтерiп алып кетедi. Ұлт жарысы – ат жарысы. Қатар қойып ұйқастырмақ емес, салғастырмақ көңiлiм. Осы көтерме айқай осы күнде бiзге қатты керек», – дейдi /19/.

Жиырманың iшiндегi (тiптi одан да жас болуы мүмкiн) жастарға осыншама елшiл сөз айтқызып отырған – қазақ қауымының сұранымы едi. Оқыған атаулы бұл шақта ұлт және жұрт сөзiмен оянды, уанды, ертеңге көз тiктi. 

«Қазақтағы» бiр бас мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. …» Балам деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтiн бала қайдан шықсын? …Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Егерде осы күнгi орысша оқығандардың арасынан «жұртым» деген шығып жатса, жұрттың өткiзген төлеуi үшiн емес, адамшылық борышты басынан атқару үшiн. Мойындағы борышты бiлу – бiлiм iсi, борышты төлеу – адамшылық iсi», – деп жазса /20/, Мiржақып Дулатұлы: «Бiр кiсiнiң тiзгiнi бiреуде болып, еркi болмау қандай кемшiлiк болса, бiр тайпа жұрттың өз еркi өзiнде болмауы онан мың есе жаман», – деп көрсеттi /21/.

Осынау пайымдардан газетке мұрындық болған азаматтардың ұлттар азаттығын – дүние тепе-теңдiгi мен ақиқатты қалпына келтiру ретiнде түсiнгенi аңғарылады. Сондай-ақ отанға қызмет етудi екi кезеңге – борышты түсiну мен борышты өтеуге – бөлiп қарағаны байқалады. Мұндай тұжырымдама Алаш ағартушыларының  аталған мәселеге жiтi назар салғанын көрсетедi.

Елшiлдiктi ұлт, жұрт ұғымдарымен ұсынған «Қазақ» газетi осы тақырыпта бiршама көркем шығарма жариялады.

Жүсiпбек Басығараұлының «Интеллигент», «Шалман» деп қол қойған автордың «Бiз қалдық», «Байқаушы» деген псевдониммен жазған қаламгердiң «Дағдарыс», Ғайыпназар Аймұхаметұлының «Түсiмде» сынды өлеңдерiнде ұлт пен оқығандардың ауыр халi, қауым iшiндегi қайшылықтар суреттелiп, қиындықтан жұртты аман алып шығар жол нұсқалады. Қаламгерлер айналып келiп бiлiм мен надандықтың бiтiспес күресiн бейнелейдi. Түңiле отырып үмiттенедi. Жасып қалған рухты қайрайды.

Бар қазақты бiр көрген газет тұңғыш санында басылым атынан:

Алыстан iздеп келген бауырларың,

Халқының сырттан көрген ауырларын.

Жеңiлту жайын соның кеңесуге,

Қазақтың бас қостырмақ қауымдарын,-

дейдi /22/. «Қазақ» осы бағытынан ешқашан тайған жоқ. Мұнда жарияланған М.Дулатұлы, С.Дөнентайұлы, М.Жұмабайұлы, А.Мәметұлы, Б.Майлыұлы, тағы басқа ақындардың өлеңдерi де ұлт жайына қам жеуден туған едi. Айталық, бұл газетте жарық көрген М.Дулатұлының «Қара құс һәм адам» атты аллегориялық шығармасында елшiлдiк рух байқалады /23/. Өлең қара құс пен адамның айтысы формасында жазылған. Қара құс – ұлт рухын аяққа таптаған күш иесi, адам – жаншылған, ашынған жан. Бұл бейненi цензура тұсындағы амал деп те, көркем әдебиеттiң жалпы шарттылығы деп те қарауға болады.

Қара құс адамның жаңа мiнезiне таң. Айтыс осыдан басталады. Адам: «Сыпырғыш қанат етпесем, Аллаға серт айтқан сөз», – десе, қар құс: «Кеудеңе барып қонармыз, Қара құс бiткен тоярмыз», – дейдi.

Екеуi де «өлiспей берiспейдi». Ақын ағымдағы оқиғаны бейнелеп жеткiзушi ғана емес, адамға болысушы ретiнде көрiнiп отырады. Бiрақ жау осал емес. Сондықтан автор қара құстың да сұсын аянбай сипаттайды. Бұл айтыста жеңушi болмайды, жеңiлушi де көрiнбейдi. Мiржақып заманының шындығы осындай едi.

Қазақта әлімсақтан келе жатқан «Жауға барсаң бәрің бар, дауға барсаң бірің бар» деген сөз бар. Біз осы нақылды «Айқап» пен «Қазаққа» қатыстырып та айта аламыз. Шындығына келсек, әлгі сөз бұл екі басылымның қиын жылдардағы ұстанымын көрсетеді. Олар үшін жау біреу-тін: ол – отаршылдық жүйе һәм бодандықтан бұзылған қасиет пен пейіл еді. Ал оны қалай жеңуге болады? Мұны әрбірі, тіпті жекелеген авторлар өзінше пайымдады. Осылай елшілдікті дамыту жолындағы ой-аңсар салалана берді.

Әдебиеттер:

1. Сералин М. Шаһар Тұрайск, ғинуар 10-iнде, 1911-iншi жыл

//Айқап, 1911, N1. - Б. 3-4.

2. Оренбурғ. 10 феурал//Қазақ, 1913, 10 февраль.

3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Екi томдық шығармалар жинағы. I том. - Алматы: Жазушы, 1986. - 304 б.

4. Қазақ халқы жоғала ма, жоғалмай ма?//Айқап, 1911, N8.- Б. 8-9.

5. Моллағазин Н. Менiң ойым//Айқап, 1911, N8. - Б. 9-10.

6. Жұмабаев М. Шығармалары. 3 томдық. 1-том. - Алматы: Бiлiм,1995.- 256 б.

7. Бекмұхаметов Х. Қазақ халқына//Айқап, 1911, N3. - Б. 16.

8. Тiлеулин Ж. Жас туғандарымызға//Айқап, 1911, N3. - Б. 15-16.

9. Шалман. Журнал шықты «Айқап» нұрын шашып//Айқап, 1911, N6.- Б. 20-21.

10. Назари Т.Ш. Қазағым, оқу оқы, жатпа босқа//Айқап, 1911, N8. - Б. 17-18.

11. Омаржани Ғ. Надандық//Айқап, 1912, N12. - Б. 265-273.

12. Отарбаев Д. Хат жаздым… өзiңе арнап//Айқап, 1914, N7. - Б. 116-117.

13. Кәненов Р. Жаз жайлау, қысқы тебiн кеттi күзек//Айқап, 1912, N1. - Б. 19-20.

14. Сейдалинова М. Тұр, қазақ! //Айқап, 1914, N8. - Б. 136.

15. Найманский К. Әй, қазақ! //Айқап, 1912, N13. - Б. 288- 295.

16. Басығарин Ю. Ғылым мен надандықтың айтысқаны//Айқап, 1914, N6. - Б. 99-100.

17. Құрметлу оқушылар!//Қазақ, 1913, 2 февраль.

18. Қасаболатов Е. Қазақ жастарына//Қазақ, 1913, 1 март.

19. Студент Ғ.А. Ұйым керек//Қазақ, 1915, 19 март.

20. Орысша оқушылар//Қазақ, 1913, 15 август.

21. М.Д.Земстуо не нәрсе?// Қазақ, 1913, 7 сентябрь.

22. Мiнеки, қалың қазақ: қара, төре//Қазақ, 1913, 2 февраль.

23. М.Д. Қара құс һәм адам//Қазақ, 1916, 30 апрель.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Автор:
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца