«Өртең»: елшілдік ұстанымның әдебиеттегі көрінісі

Қазір жаңашылдық туралы көп айтамыз. Жаңарудың пәлсапасы – өмір сүрудің пәлсапасы. Кеше, бүгін, ертең – бір атаның балалары. Ол ата – Жаратқан аясындағы уақыт. Өткеннің керексізі болмайды, керексіздің өткені болмайды.

Алайда пендешілікпен «осы мықты, бұдан айырылмаймын» дегеніңізді құдайдан түп-тұқияныңызға берілген генетикалық талғам-таным күресінге лақтырып тастауы ғажап емес. Белгілі Алаш қайраткері, әдебиетші Смағұл Садуақасұлының 1922 жылы жазған «Өртең» атты әңгімесін оқи отырып, осы шындыққа тағы бір көз жеткізуге болады.  

«Өртең» – лирикалық әңгіме. Онда сюжет, немесе оқиға желісі жоқ.

Әңгімеге жазушының елі, отаны туралы тебіренісі, кіндік қаны тамған жерімен, қасиетті де қадірлі елімен іштей сырласуы, мұңдасуы айна қатесіз түскен.

Кез-келген әдебиет туындысының өмірге келу тарихы бар. Біздіңше, «Өртең» әңгімесінің тууы «Өртең» газетінің жарық көруімен, жаңа заманға еріксіз тап болған Алаш зиялыларының тынысы – «Жас азамат» мүшелерінің соны қауымдастық идеясы төңірегіне топтасуымен байланысты. Мұны таратыңқырай айтсақ, мәселе былай: Қазақстанда кеңес билігі мейлінше толық орнаған 1920 жылдан кейін елді басқару аппаратына белсенді жастар тартыла бастады.

Жап-жас жігіттер тапсырылған істі жауапкершілікпен атқарды. Жастыққа тән жалынды мінезімен билік жүйесіндегі қасаңдыққа өзгерістер де енгізіп жүрді. Олар жаңа заманның кісіге жағымды ұраны – «әлеуметтік теңдікті» өздерінше түсінді. Яғни, теңдік мәселесінде жалпы қазақтың шөміштен қағылып қалмауын ойлады. Ұлт мүддесінен төңкеріс мүддесін жоғары қойғандарға ашық қарсы тұра алмаса да, істерімен, іштерінен олармен оппозицияда жүрді.

Смағұл Садуақасұлының 1922 жылы Мәскеуде іссапарда жүріп, 22 шілдеде Әбдірахман Бәйділдаұлына (Смағұл алғаш Әбдірахманмен пікірлес болған. «Өртең» газетін де бірігіп шығарған. Бірақ соңынан Әбдірахман саяси тұғырнамасын өзгертіп, Смағұлды саяси тұрғыдан айыптағандар жағына шыққан) жазған хатындағы: «Менің пікірімше, болашақтағы біздің әдісіміз мынандай болуы тиіс: біз билікті алу үшін күреспейміз, бәрін де өз қолымызға аламыз деген ұранды да бірінші кезекке қоймаймыз. Өйткені оны қойсақ, бәрібір дәл бүгін бізге жол бермейді. Сондықтан басты қуатымызды келешектегі жастарды тәрбиелеуге, оларды алдағы істерге даярлауға, күш жинауға жұмсағанымыз жөн», – деген пікірі сөзімізді растайды (хат ҰҚК архивінде сақталған).

Смағұл сынды саналы жастарды лауазымды ағаларының мансапқа бой ұрып, ел мүддесіне немқұрайлы қарауы қатты түңілтті. Жоғарыдағы хатында ол осы мәселе төңірегіндегі: «Егер жүректерінде тырнақтай таза ет болса, олар ертең-ақ отаршылдарға қарсы тұрады. Ал, оны жасамаса, өзінің 5 күндік өмірі үшін халқының қанын сатуды жалғастыра беретін болса,  онда олардың кім екенін қазақ халқы анық көріп, айырып алсын», – дейді ашынып.

Бұл түңілу олардың басында күрмеуі көп саясатқа тығырықтан жол табар білгір саясатшы болып келу үшін Еуропа қалаларында оқу идеясын туындатты.

1922 жылы 19 тамызда Смағұл Садуақасұлы, Әбдірахман Байділдаұлы, Ерғали Алдоңғарұлы ҚКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы мен Халық ағарту комиссары атына қазақтың 30 жас азаматын шет елге оқуға жіберуін өтініп, арнайы хат жолдады (бұл бастаманы бүгінгі «Болашақ» бағдарламасының тарихи іргетасы деуге болады). Мұны оқу-ағарту комиссариаты мақұлдағанымен, Киробком қолдамады.

Ендігі амал – газет шығару еді. Бұл мәселе Қырғыз (Қазақ) облыстық жастар комитеті мәжілісінде 1922 жылы қазан айында қаралып, қараша айының басындағы ЖК пленумында қабылданды .

«Өртең» газеті өмірге осылай келді. Аталған басылымның ресми мақсаты – жастарды жаңа өмірге тарту болса, шынайы мақсаты – санадағы шірік қауды өртеп, өртең шығару еді. Бұл – 1909 жылғы «Оян, қазақтың» (М. Дулатұлы) жаңаша жаңғырығы болатын. Бірақ патшалық Ресейдің отаршыл саясаты тұсында «Оян, қазақ!» кітабының, «Қазақ» газетінің тәркіленгені секілді, «Өртең» 1922 жылы қараша, желтоқсан айларында ғана (аптасына бір рет) шығып, оның жұмысы 29 желтоқсанда «ұлтшылдық талабы үшін» арнайы қаулымен тоқтатылды.

«Өртең» газеті жабылғанымен, өртең идеясы өлмеді. Мұны оның Алаш қаламгерлерінің «Алқа» бағдарламасында (1924-1925), елшіл санаткерлер, әдебиетшілер еңбегінде (1922-1929) көрініс беруі дәлелдесе керек.

Смағұл Садуақасұлы жазған «Өртең» әңгімесінің туу тарихының қысқаша сүреңі осындай. 

«Өртең» лирикалық әңгіме болғанымен, онда публицистикалық сарын да бар. Мұны жанрлардың айшықтану, бөліну кезеңі процесімен емес, заманның қалпымен түсіндіруге болады. Яғни, қазақ жағдайында айтқанда, 20-жылдар аумалы-төкпелі уақыт болатын. Сондықтан бұл шақта заманға сай көсемсөз құнтталынды, оқылды.

Әйтсе де «Өртең» әңгімесіндегі көсемсөздік сарын  шығарма тініне нұқсан келтіріп тұрған жоқ, қайта шығармаға өрлік рух үстеп тұр.

Смағұлдың бұл әңгімесінде сюжет болмағанымен, қазақтың кешесін, бүгінін, ертеңін ой таразысымен бағамдаған, ұлттың ұтқаны мен ұтылғанын, озық қасиеті мен мінездегі кемшілігін табиғат бейнелерімен астастырып, көркемдікпен көмкерген ерекше мазмұн бар. Әңгіме басындағы «жазылып созылған жапан сары дала», «қараңғы түнде қалқыған, маужырап ұйқыға кеткен сеңгір таулар» пейзаждан гөрі ұлттың бейнесіне келіңкірейді. Осы бейне әңгіменің соңына дейін қырланып, толықтырылып, көркем суреттеліп отырылады.

Автор ұлтының халіне жүрегі сыздап, сан мәрте қинаған басындағы батпан ойды ақтарып, оған дәрмен берер күш іздейді. 

«Күндер өтіп барады. Жылдар өтіп барады. Заман жүріп келеді. Қараңдап қазақ әлі жүр. Қарайып киіз үй әлі тұр... Ау, қазақтың баласы!... Еңбегің осы ма? Қараңдап неге жүре бересің?» – деген жолдар жанайқайға толы жазушы сезімінің, ұлт қалпына күйіне қараған көңіл-күйінің қандай дәрежеде екенін айғақтаса керек.

Халқының отаршылдар езгісінде мүжіліп жүре беруі, барды қадірлемеуді, жоққа ұмтылмауы, кесапаттан арылмауы, шапағаттан үркуі, жалпы жұрттықты сақтауы мәселесіне қарамауы, бірлік, ынтымақ төңірегіне топтаспауы – жазушы бойында сонау V-VIII ғасырлардағы бітік тастардағы жәдігерліктерден бастап, ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жырауларды, ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарын, ХІХ-ХХ ғасыр түйісердегі Абайларды толғандырған елдік мәселесі жөніндегі намыс сезімін қозғайды.

«Жайылып созылған сары даланы неге көркейтпейсің? Ұйпаланған шірік қауды неге жұлып тастамайсың? Бүйірін қысып, қалтасындағы көп қазнаны, мол байлықты неге алмайсың? Алтын, күміс әлде керегі жоқ па? Мөлдір суды неге жөндеп ішпейсің? Қалың нуды неге реттеп кеспейсің? Үнемі қымыз бола ма? Киіз үй мәңгі тұра ма?» – дейді термелеп жазушы. Бұл – оның халқына қарата айтқан базынасы. Мұны әңгіме қалпетіне қарап монолог десек, бұл ұғым оған тарлық етеді. Шынында сырт қарағанда жазушы өзімен өзі сырласып, жоғарыдағы қорытындыға келгендей көрінетіні де рас. Алайда, керек десеңіз бұл – диалог.

Жазушы мына көкейкесті сұрақтарымен көпті ұлт мәселесіндегі зәруліктерді бірлесе шешуге шақырғандай.

Жұрттан жауап күткендей. «Сен не дейсің?» дегендей. Ал, өзінің жауабы: «Ескі, битті күпіңді шешіп тастап, сілкінсеңші! Темір күректі қолға алып, ақ білекті сыбансаңшы!». Мұнысы – еңбек ет, жігерлен, намыстан дегені. Осы жағынан ол М.Дулатұлының «Оян, қазағының» өн бойындағы:

...Отырма бір орында құр мұңайып,

...Тамшыдан тама берсе болар дария,

Кетпей ме ақырында бір молайып! –

деген жолдармен, Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұран» өлеңіндегі:

Намыстан, қайраттан, қатарға ен!

Басқадан кем болған сенің нең?!

деген тармақтармен үндес. Бұл үшеуін ұқсастыратын – отты көсемсөзді сарын. Ерекшелендіретін – үшеуі де отаршылдыққа өре түрегелген «ұлтшылдық дәуірде» жазылғанымен, бірақ әрқайсысы сол дәуірдің үш кезеңінің – яғни, алғаш оянған кезең (1905-1909), зиялылар соңынан халық ере бастаған кезең (1917-1918), саяси сапырылыстар елді жаппай еріксіз оятқан кезең (1920-1922) – туындысы екендігі.

Жазушы осы кезеңдерді көркем бейнемен былайша өреді: «Күні кеше қаптаған қара бұлт еді. Жел соқты. Дауыл болды. Жердің жүзі ақтарылып, төңкерілді. Сатыр-күтір етті. Бытыр-бытыр етті. Сұлаған сары дала оянбады. Қимылдай түсіп, қайта жатты. Күндер өтті, айлар өтті... Зор дауылдың екпіні ерікке ешкімді қоймады. Ыңыранып сары дала да оянды. Оянысымен орнынан ұшып түрегелді. Қараса, жан-жақтың бәрі өрт екен».

Суреткер қолданысындағы дауыл – отаршыл империяны шайқалтқан ішкі күштердің серпілісі, өрт – төңкеріс. Бейнелеп отырған жайт пен табиғаттың параллелизмін жазушы аса шебер жасаған.

Төңкерістің қатыгездігі, тұрпайлылығы әңгімеде төмендегіше бейнеленген: «Өрт шалмаған жер қалмады. Бұрынғының бәрі күйді. Бәрі жанып кетті. Ішіндегі биттерімен ескі күпі де кетті. Қарайып тұрған жыртық киіз үй де кетті...»

Жазушы «ескі күпі» мен «жыртық киіз үйдің» өртенгеніне емес, бәрінің өртеңгеніне налып отыр. Ескі-құсқы өртсіз де жойылады. Ал, қажет нәрселердің өртеңгені қалай болмақ? Оларды қалпына келтіру үшін талай уақыт керек емес пе? Бірақ қолдан келер амал бар ма? Болар іс болды, бояуы сіңді. Бұған еріксіз көнесің. Әйтсе де енді қол қусырып отырған жараспайды. Әлгі өртте «ұйпаланған қаудан шөп лапылдап жанды» ғой. Шірік қаудың өртеңгені жақсы. Оның орнына өртең шығады. Бұл – ұлттың өлмегені деген сөз. Тағы талпыну керек. Ез болып езілмеу қажет. «Жел басылды. Жадырап жаздың күні шықты. Ұйпаланған қаудан шөптің орнына желкілдеген өртең өсті. Көкпеңбек, жұп-жұмсақ, тап-таза, пәк, кіршіксіз жас өртең! Қалай сары дала енді көгермес екен?.. Қалай қазақ оянбас екен!» – дейді жазушы елшіл жастарға үміт пен сенім артып. Суреткердің өртеңді көргені – ертеңге сенгені. Өртең – оның оптимистік көзқарасы.

Ел туралы ойланып, уайым-қайғы еңсесін басқанда, дана Абай: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та  қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көші қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» – деп өзін жігерлендірген, өзгелерді серпілткен. Смағұл әңгімесіндегі оптимизм Абай оптимизмінің жаңғырығы, жаңа заманға сай, заман амалына сай жаңаша айтылуы деуге негіз бар.

«Өртең» әңгімесі – жалаң науқандық үгіт әңгіме емес, шынайы қазақ қалпын суреттеген, күрескен күнде ертеңнің баянды болатынын ұқтырған үміт әңгіме.

Сондықтан бұл шығарманың қуаты ұлтты серпілтуге, елдік төңірегіне ұйыстыруға, ой-санаға қозғау салуға, парасат-пайымның көзін ашуға жұмсалған.

Осы өреден келгенде, кеңестен кейінгі кеңістікте, дәлірек айтсақ Конституциямызда жазылғандай «байырғы қазақ жерінде» көктеп шыққан өртеңге – ұлттық тәуелсіздікке деген көзқарасымыз алдағы тағдыр-талайымызды анықтамақ. Егер қай-қайдағы «жақсылық» үшін елшілдік дәстүрімізді, тілімізді, «мың өліп, мың тірілген» тарихымызды қисақ, Смағұлдар өкінгендей, денемізді жылытқан күпіні, отбасымызды ұйытқан киіз үйді отқа жағып жібергенмен бір есеп.

Данышпан Абай «Мініңді ұрлап жасырып, майданға түспей бәйгі алма» дейді. Жаңаның қазығын қағарда, құдай бұйыртқан өртеңге ізгі ниетпен қарарда, тіпті тәуекел деп игі істі бастарда мінімізге бір баға беріп, тәжірибеден сабақ алу қажет-ақ! Адал ас, оң нәтиже табан ақы, маңдай термен келеді. Өзінен-өзі ештеңе орнай қалмайды. Азаттықтың синонимі – рухымыз бен руханиятымыздың қазіргі ахуалы үшін кімді кінәлағандаймыз?! «Өртең» әңгімесінің тағылымы осы сауалға тағы екпін түсіргендей...

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Автор:
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца