Ізгілік иірімі

Кез-келген жұмыр басты пенденің бойындағы адами қасиеттерін биіктетіп, санасын дамытатын, ақыл-ойын үздіксіз кемелдендіріп,  намысын үнемі жанып отыратын әлемдегі ең үздік 50 классикалық шығарманың  құнарлы құндылықтарын тобықтай етіп түйіндеп, тарының қауызына сыйғызған Том Батлер-Боудонның «Ғұмырыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» (Tom Butler-Bowdon. 50 Self-Help Classics: 50 Inspirational Books to Transform Your Life», 2003) атты туындысымен жете танысқан зерделі оқырманның бірде-бірі бейжай қалмайтыны күмән тудырмайды. Өйткені 50 том емес, бір ғана кітап-қазынаға тоғытылған құндылық иірімінен сусындаған адамның ақ ниетті авторға тек қана риза болатыны анық.

«Ақылдыдан шыққан сөз 

Талаптыға болсын кез»

(Абай)

Айтса, айтқандай-ақ, Том Батлер-Боудон күні бүгінге дейін есімдері бүкіл әлемге әйгілі Лао-Цзы (б.з.д.VI-V ғғ.), Рим императоры Марк Аврелий (б.з.II ғ.), өз заманында мемлекет қайраткері болған Боэций (б.з. 480-524 жж.), АҚШ-тың іргетасын қалаушылардың бірі – Бенджамин Франклин (1706-1790 жж.) сияқты ондаған философтар мен тарихи тұлғалардың асыл ойларын  ғана емес, бүгінгі әлемнің шоқ жұлдыздары саналатын Далай-лама, Дейл Карнеги, Дипак Чопра, Пауло Коэльо, Стивен Кови немесе ондаған басқа да кемеңгер ойшылдардың классикалық туындыларының ғибратқа толы сүзбесін өз шығармасының өзегіне шебер өре білген.

Автордың мұндағы нысанасы да, жоғарыда атап өткендей, бүгінгі адамды, оның ішінде, әсіресе, жеткіншек жастарды адамзат өркениетінде жинақталған рухани құндылықтардың ізгілік бұлағынан сусындатып, ой-өрісі мен адами сапасын жетілдіру.

Мәселен, даосизмнің негізін қалаған данышпан Лао-цзы өз заманындағы ел тұтқасын ұстаған көшбасшыларды екі топқа бөліп қараған: біріншісі – көздеген мақсатқа тек білектің күшімен ғана жететін қара күштің иесі ян – еркек кіндікті батыр тұлға; екіншісі – инькөпшілікті бірінші орынға қоятын ана тұлғалы емші-қолбасшы.

Данышпан Лао-цзы былай депті: «Кемеңгер абыздар көптің ішінен ерекшеленіп тұрады, себебі олар өздерін бүтіннің бөлшегі деп есептейді. Олар көптің көзіне түсуге тырыспайды, сондықтан да олардың өңінен нұр төгіліп тұрады. Олар ұлы нысаналарға қол жеткізеді. Себебі олар атақ-даңқ іздемейді. Олардың абыздығы  айтқан пікірлерінен ғана білінбейді. Бұл қасиет олардың тұла бойында тұнып тұрады. Олар бәске түспейді, себебі олармен ешкім пікір таластырмайды».

Демек, жасампаз халқымыздың: «Ұлық болсаң, кішік бол» немесе «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деген даналықтарының да астарының тым тереңде жатқанын, сосын олардың өзге халықтардың құндылықтарымен тең түспесе, кем түспейтінін де, адамзат ізгіліктерімен астасып жататын мыңдаған жылдық тарихы бар екенін де аңғару қиын емес.

Біздің заманымыздың 161 жылынан 180 жылына дейін 19 жыл Рим империясының тізгінін ұстаған Марк Аврелий – соңына әділеттіліктің өшпес ізін қалдырған философ.

Өзінің «Ойтолғау» («Meditations») деп аталатын әйгілі еңбегінде кемеңгер император кез-келген кісі төңірегіндегі бұйымдар мен адамдарды өзінің қалауына сай пішіп-кесуге тырыспай, оларды баз қалпында  қабылдау қағидасын берік ұстанған.

Сонымен қатар әлемге басқа адамның көзімен қарауға тырысудың өзі де кез-келген тұлғаның көкжиегін кеңейтетінін дәріптеген. Кісінің өзінен басқа жанды жек көруі, жақтырмауы немесе сыртынан ғайбаттауы табиғат заңына қайшы келетінін, сосын  ғаламдағы бүкіл болмыс, оның ішінде адам да бар, о бастан-ақ бір-бірімен тығыз байланысты екеніне ерекше екпін берген.

Том Батлер-Боудон адамның ізгі қасиеттерінің кемелденуіне және қолға алған ісінің өркендеп-өсуіне ауадай қажет қағидалар мен дағдыларды АҚШ-тағы Гарвард университетінің түлегі, профессор Стивен Ковидің «Жолы болғыш іскер адамдардың 7 дағдысы» (Stephen Covey. «The 7 Habits of Highly Effective People») атты 1990 жылдардың басында жарық көрген әрі әлемнің 32 тіліне аударылған туындысынан да табады.

Аталмыш еңбегінде кемеңгер Кови: «Ой егіңіз. Ой ексеңіз, ізгілік әрекет орасыз. Ізгілік әрекет егіңіз. Ізгілік әрекет ексеңіз, әдет орасыз. Әдет егіңіз. Әдет ексеңіз, мінез орасыз. Мінез егіңіз. Мінез ексеңіз, тағдыр орасыз», – депті.

Стивен Кови туындысының қалың жұрттың назарына тез ілігіп, жыл сайын миллиондаған тиражбен таралуының тағы да бір сыры бар. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Батыс әлемі «нәтижелілік» теориясы мен «уақытты меңгеру» қағидасын ту етіп көтеріп, бұл екеуінің де адамның жеке басының кеңістігіне тікелей қатысы бар екенін дәлелдеуге  тырысқан. Сөйтіп, адам тағдырындағы кез келген сәтсіздіктің қолда бар ресурстарды, оның ішінде уақыт та бар, тиімді пайдаланбаудың салдарынан болады деген аксиомаға табан тіреген.

Алайда Стивен Кови әлгі теорияға да, одан туындайтын қағида мен аксиомаға да кез-келген адамның көңіліне ұялап, көкейіне қонатын дара көзқарас танытады. Кемеңгер былай дейді: «Ең алдымен терең ойланып, өзіңізге ең маңызды дүние не, соны айқындап, дұрыс таңдау жасаңыз. Сосын, әлгі таңдаудың өз өміріңіздің ең басты темірқазығы ма, соны  жете зерделеп алған жөн. Істің нәтижелі болуын алдын-ала ойламай тұра тұрыңыз. Өйткені қолға алған іс-әрекетіңіздің көпшілікке ешқандай пайдасы мен қайыры болмаса, оның «нәтижелі» болуы түкке де тұрмайды».

Демек, Стивен Кови кез-келген іс-әрекеттің нәтижелілігінен гөрі оның қоғамға тиімділігін бірінші орынға қояды. Сонымен қатар, кемеңгер Кови дағдыға айналған жауапкершілік сезімнің ең басты қасиет екеніне ерекше мән беріп, өз туындысының атауында тұрған жеті дағдыға жөн сілтейді. Олар төмендегі ой-түйіндерден тұрады.

Біріншіден, белсенді болу – парыз. Өйткені еті тірі адамның бұл дағдысының алмайтын асуы болмайды.

Екіншіден, іс-әрекет бастағанда оның көздеген нысанаға жететініне деген берік сенімділікті әдетке айналдыру қажет.

Үшіншіден, ең әуелі кезек күттірмейтін шаруаларды тындырып тастауды дағдыға айналдыру аса қажет.

Төртіншіден, өзім де ұтайын, өзге де ұтсын деген қағиданы бек ұстану абзал. Бірақ бұл қағида бір адамның  жеңісі мен ұтысы екінші  адамның қол жеткізген табысының арқасында болады деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, бұл қағида адамды әлемге өзгенің көзімен  қарай білуге және мұны  дағдыға айналдыруға бағыттайды.

Бесіншіден, алдымен кісінің сөзін тосып, пікірін тыңдап, ойын ұғып, тек содан кейін ғана өз көзқарасыңды ұқтыруға ұмтыл. Басқаларға өзіңді сыйлату үшін бұл әдет ауадай қажет.

Алтыншыдан, синергияға қол жеткізу лазым. Синергия – алдыңғы дағдыларды түгелдей тиімді пайдалана білудің арқасында ғана қол жеткізетін нәтиже. Демек, бұл дағдыны қалыптастыру адамнан үлкен табандылық пен шыдамдылықты талап ететіні көрініп тұр.

Жетіншіден, адам өзін үздіксіз жанып, үнемі қамшылап отыруы керек. Сосын, қолға алған іс-әрекеттің тиімділігі мен берекеттілігін арттыру үшін, кез-келген адам өз бойындағы физикалық, рухани, жүйкелік және әлеуметтік өлшемдердің тепе-теңдігін бір қалыпта ұстай білуді дағдыға айналдыруы қажет. Олай етпеген жағдайда әлгі қасиеттер мен дағдылардың моқалып қалатынын естен шығармаған жөн.

Том Батлер-Боудон өз туындысына енгізген кемеңгерлердің енді бірі –АҚШ-тың Егемендік декларациясы мен Конституциясын сомдаған қаламы қарымды авторлардың бірі, XVIII ғасырда Батыстың саяси өмірі мен өнеркәсіп әлеміне үлкен ықпал еткен, электр энергиясының ұңғыл-шұңғылын эксперимент арқылы зерттеп-зерделеген, бүкіл әлемге есімі әйгілі ғалым әрі тарихи тұлға – Бенджамин Франклин. Франклиннің биографы Ричард Амачердің пікірінше, кемеңгер ғалымның «Автография» деп аталатын туындысы – Америкада бұрын-соңды жарық көрген бірінші ұлы кітап.

Кемеңгер Франклиннің аталмыш шығармасынан оның сегіз қырлы бір сырлы болып қалыптасуы мен адами қасиеттерінің ұшталып, кемелденуіне саналы түрде өзі ден қойған шешендік өнердің себеп болғаны және әлгі өнерді игерудің жалғыз жолы кітап оқу екені тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Айтса, айтқандай-ақ, Бенджамин Франклин жас кезінде кітап дүкенінде істейтін өзінің жақын досынан таңдаулы кітаптарды бір түнге сұрап алып, таң атқанша, көзінің майын тауыса оқып тастайтынын әдетке айналдырғанын жасырмайды. Себебі ол әлемнің даңқты көшбасшыларының басым көпшілігінің қол жете бермейтін биіктерге тек құнды кітаптар оқудың арқасында жеткенін жақсы білген. Сондықтан да сұңғыла ғалымның  күллі адамның кемелдену этикасының авторы атануы затына жарасып тұр.

Ғұлама ғалымның кемелдікке жеткізетін этикалық қағидаларының ұзын саны – 13: артық астан тыйылу, бос сөз айтпау, тәртіп сақтау, тәуекелге бел буа білу, ысырапшылдықтан аулақ болу, еңбекқорлық, ой пәктігі, әділеттілік, шектен шықпау, тазалық, сабырлылық, нәпсіні шектей білу, биязылық.

Ниеттенген адамның бойы мен ойын түзеп, кемелдік пен кемеңгерлікке тәрбиелейтін, биік асуларды алып, көздеген мұратқа жетуге бағыт-бағдар сілтейтін жоғарыдағыдай адами қасиеттердің құнды топтамасы Том Батлер Боудонның туындысына енген үздік шығармалардың кез-келгенінен табылатыны күмән туғызбаса керек. Алайда олардың бәрін тізіп шығу бұл мақаланың мақсаты емес. Оның үстіне олардың бәрін тауып оқимын деген оқырманға ақпарат технологиясы аса дамыған мына заманда мүмкіндіктер жетіп артылады.

Сондықтан дәл осы тұста оқырман назарын мүлде басқа арнаға бұрып, атап айтқанда, Том Батлер-Боудонның жинағын қоса есептегенде, 51 кітапқа жүк болған парасат құндылықтарының өзіміздің төл өркениетіміздегі көріністері қайда деген сауалдың жауабын іздеп көрелік. Бұл ізденіс бірден ұлы Абайға жол сілтейді.

Өйткені, осы уақытқа дейін тілге тиек етіп, өзгелерден сүзіп алған кемеңгерлік пен данышпандықтың озық үлгілерінің бәрі де өз өркениетіміздің тұңғиық Тынық Мұхиты – Ұлы Абайдың тарының қауызындай ғана жыр жолдарында тұр.

Неткен шеберлік десеңізші! Қысқа да нұсқа әрі ғибратқа толы ақиық ақынның заңғар ой-түйіндері таңдай қақтырып, тамсандырып қана қоймайды. Сонымен қатар Түркі әлемінің қара шаңырағының иесі – Қазақ Елінің кез-келген ұлтжанды азаматын терең де шексіз мақтаныш сезімге бөлейді. Бұл сөздердің бұлтартпас дәлелдері Хәкім Абайдың өміршең де жасампаз поэзиясынан менмұндалап, Шолпан жұлдызындай, адамзаттың санасына сәуле шашып тұр:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек...

 

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға...

 

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз...

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз...

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз...

Көп орында көріне айтпа,

Біздің сөзге ерсеңіз...

Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл.

Егер қисық көрінсе,

Мейлің таста, мейлің күл.

Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап құлаққа іл.

Ақымақ көп, ақылды аз,

Деме көптің сөзі пұл.

Жақынның сөзі тәтті деп,

Жақыным айтты дей көрме.

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын, қаупім – бұл.

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі – тұл.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Ақыл-ойдың кені, данышпан Абайдың жоғарыдағы бағдаршамдарының тек өз ұлтымыз ғана емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасына жататын құндылық екені қуантады.

Cөз соңында о бастан-ақ әкенің баласы болуды емес, адамның баласы болуды армандаған кемеңгер абыз, хәкім Абайдың 150 жылдығына арналған, 1995 жылы 9 тамызда Алматы қаласында өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тебіреніске толы сындарлы сөзінен төмендегі жолдарды бүгінгі жасампаз жастардың санасына жеткізуді үлкен парыз деп санаймын:

«Ерекше жағдай ерекше ізденістер мен ерекше әрекеттерге бастайтыны белгілі. Ерен талант пен ерен жігер де сондайда керек. Әрдайым алға ұмтылып, биікке ұмсынған адамзат нәсілі ешқашан толас таппаған және таппайтын рухани күресіне адастырмас нысана, алжастырмас бағдар сілтеп бере алатын көреген көсем тұлғаларды әрдайым сусай аңсаған, әрдайым төбеcіне көтере құрметтеген. Өйткені ақыл табылмай тұрып, ештеңе табылмайды. Ол жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгіл, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл. Онсыз қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай, үйреншікті үрдістің солғын соқпағынан шыға алмай, заманалар шырғалаңында бас айналып, дағдарыс хал кешеді. Ондай дағдарыстан шығар жолды тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен перзенттері ғана сілтеп бере алады. Абай да – дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі. Соның арқасында ол бүгін күллі адамзаттың абыройы аласармас рухани сардарларының біріне айналып отыр».

 

Never Too Late To Be Great: The Power of Thinking Long

 

 

Әділ АХМЕТОВ

Автор:
Әділ АХМЕТОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца