Алаш кезеңіндегі оянудың бастауы

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетi тарихында жәдит, Алаш құбылыстары ағартушылық жолындағы ұлттық қозғалыс аясында көрiндi. Сонымен қабат осы кезеңде әдеби-рухани күш пен  саяси қайраткерлiктiң бiртұтасқанын да байқауға болады.

Мұндай процесс әлем тарихына ортақ екенiн ұмытпағанымыз жөн.  Ендеше, тұстастары мен замандастары “Абайдан кейiнгi әдебиеттiң ұйтқысы  Һәм жаңа кезеңнiң басы” ретiнде таныған Ахмет Байтұрсынұлының  ұлт-азаттық күрестiң жуан ортасында жүруi, ақын-лирик Мағжан Жұмабайұлының 1917 жылы Мәскеуде өткен Мұсылмандар съезiне қатынасуы /1/ және өзге де өз шағының саяси шараларынан шет қалмауы, тағы басқа нақты тарихи фактылар аталған уақыт әдебиетiн милләттiк қозғалыстан тыс қарастырудың бiржақты болатынын аңғартады. Сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы әдеби-эстетикалық концепцияларда, көзқарастарда саяси сипаттың айқын көрiнуi “олар таза әдебиеттен жырақ” деген қорытынды  жасатпауы тиiс.

Қазақтағы жәдитшiлдiктiң екiншi кезеңi “Айқап” журналының дүниеге келуiмен және оның “Қазақ” сынды әлеуеттi газеттiң жарыққа шығуын тездетуiмен, сөйтiп осы екi басылымның өркен жаюымен байланысты. Бұл кезеңде жәдитшiлдiк қазақ өмiрiнде  сапалық деңгейге көтерiлiп, Алаш қозғалысына ұласты. “Айқап” пен “Қазақ” азаматтық тарихымызда тұңғыш рет жаңа заманға сай ұлтты ұйыстыруды түбегейлi қолға алды. Осы тарихи миссиясы орасан екi мерзiмдi басылым мынандай нәтижеге қол жеткiздi: бiрiншi, ұлт проблемасын жалпыхалықтық сараптауға, яки талқылауға сала алды; екiншi, жақын және алыс болашақтың мақсат-мiндеттерiн анықтап, оларды кезең-кезеңмен орындауға жұмылды; үшiншi, Абай негiздеген жаңа әдеби тiлдi дамытып, өрiстеттi; төртiншi,  әдебиет пен халық сұранымын, руханият пен ел мүддесiн тоқайластыра алды.

Танымдық еңбектер мен ғылыми әдебиеттерде ХХ ғасырдың 20-жылдарынан-ақ “Айқап” пен “Қазақ” арасындағы заңды пiкiрталасты “қарама-қарсылыққа” балау орын алып келдi.

Мысалы, Қ.Кемеңгерұлы “Қазақ тарихынан” атты кiтабында: “Мұсылманша оқығандардың күшiмен 1911-шi жылы “Айқап” журналы шықты. Басындағы шығарушы ыңғайымен журнал “татар, исламдық” рухымен кетiп, “Уақыт”, “Тәржiмән” газеттерiнiң ойын қолданып, “қазақ отырықшы болу керек” дегендi қуаттады. Бұған қарсы 1913 жылы “Қазақ” газетi шықты: “Жерге отырықшы болудың керегi жоқ” деп. …Бұдан былай қазақ оқығандарының арасында екi ағым ашық айырылды: 1) Әлихан тобы күнбатыс мәдениетiн жастанып, панисламизм рухынан аулақ қазақ ұлтын жасамақшы болды; 2) Бақытжан, Сейдалин Жаїанша тобы ислам дүниесiнен қол үзбей, қазақты ислам туының астына жинамақшы болды”,-деп жазды /2, 123/. Осыған ұқсас тұжырымды С.Аспандиярұлының 30-жылдары жазған “Қазақстан тарихы” еңбегiнен  ұштастырамыз. Ол: “Қазақ оқығандары екi негiзгi топқа бөлiндi. “Айқапқа” топтасқан алғашқылары пантүрiкшiлдiк позициясын ұстанып, татар буржуазиясымен қосылып түрiк халқын бiрiктiргiсi келдi. Олар отырықшылдыққа және жәдит мектебiне көшудi қолдады. Екiншi топ “Қазаққа” жиналды. Татармен ассимиляцияланудан қорыққан олар қазақ тiлiн дамытты. Шұғыл отырықшылдық халық шаруасын бүлдiредi деп есептедi. Шын негiзiнде бұл топ Щербина бастаған переселен мекемесi мен Потанин, Ядринцев жетекшiлiк еткен Сiбiрдiң “областничество” қозғалысының позициясын ұстанды”,- деген едi /3, 271/.

Осы екi пайымның да субъективтi сипаты басым. Қошке “Айқапты” бiрыңғай “түрiкшiл” ретiнде көредi. Тiптi ол бұл журналда 1915 жылы жарияланған өз өлеңдерi мен аудармаларының бағытын да “ұмытқандай” сыңай танытады. Санжар пiкiрiнен ақыл-ойға қарауыл қойған 30-жылдардың ызбары байқалады. Сондықтан бұл қайраткер амалсыз “октябрьге дейiнгi интеллигенция – халық мүддесiнен алыстаған интеллигенция” деген тұжырым жасаған секiлдi. Сондай-ақ 20-жылдары таяудағы тарих туралы пiкiр бiлдiргенде, алаш зиялыларының “Қазақ” газетiн “Айқаптан” бөлiп қарауының  принциптi себебi болса керек. Айталық, “Қазақпен” қазақтың әдеби тiлi қалыптасты” деушiлер (М.Әуезұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, т.б.) бұл басылымның еңбегiн айрықша атағанда,  қаперлерiне “Айқапта” негiзi қаланып, “Қазақта” жан-жақты дамытылған ұлттық идеяны ұстағаны айқын. Басқаша болуы қисынға келмейдi. Бастау-тұманы басқа ұмытса да “Қазақ” ұмытпасы анық. Бұған бiрер мысал келтiрейiк. М.Дулатұлы “Айқапқа” 3 жыл, “Қазаққа” 1 жыл толғанда: “Бұл журнал қазаққа баспасөздiң  ең керектi кезiнде шыққанға, жұрттың бәрi тiлектес һәм көмектес болып жылы шыраймен қарсы алып едi. …Қазаққа бiр жақсы газета, бiр жақсы журнал бiрдей керек емес пе”,-деп жазса /4/, Ахмет басқарған газетте атын көрсетпеген (бәлкiм, редакциялық мақала) бiр “Айқап” жанашыры журналдың жабылуына байланысты: “Қазақтың айналдырған жалғыз журналының бiрнеше жыл шығып тұрып, ересек болған соң тоқталып қалуына ренжiдiк”,- деген тоқтамға келiптi /5/. Әрине, мұндай жағымды сөздi  тiлеулес жан, яғни  тiлеуқор жан  ғана айта алса керек.

Мерзiмдi басылым болған соң, оның бетiнде түрлi қиғаш пiкiрлер жарияланады. Сол себептi рухтас басылымдардағы пайымдардың әртектiлiгiне қарап оларды бiр-бiрiне жау қылып көрсету ақылға сыя қоймайды. Рас, “Айқап” пен “Қазақ” жүзiнде Әлихан мен Бақытжан, Ахмет пен Жаһанша, т.б. тұлғалар отырықшылық, соған байланысты съезд шақыру жөнiнде бiр тоқтамға келе алмай қатты айтысты. Ә.Бөкейхан мен Б.Қаратаев қазақтың мұсылманшылықта қандай бағыт ұстау керек екенi хақында Петербор мiнберлерiнде “сөзге келген” жерлерi болды. Бiрақ бұл айтыс қарама-қарсы екi бағытқа, яки ағымға негiз болған жоқ. Әлбетте, тұлғалардың кей мәселеде “сөзге келуi” алаш қауымын тiксiндiрдi. Ақын Шәкәрiм қажының:

Дұғай да дұғай сәлем айт,

“Айқап” пенен “Қазаққа”.

Кекеу, сөгiс сөзден қайт,

Кез боларсыз мазаққа,-

деуi /6, 146/ бекер емес. 

“Айқап” журналы “Қазақ” газетiнiң дүниеге келуiне қуанды, оған тiлектес болды. Осы журналда жарияланған Ғ.Ғабдылрахман есiмдi ақынның “Орынборда шығатын “Қазақ” туралы” атты өлеңiнде:

Тырысып қайыр iске тату болып,

Құданың  жаңылмалық  жолын қосқан.

Анықтап қазақ халын “Қазақ” бiлер,

Бұл сөзге құлағың сал, көп туысқан,-

деген жолдар /7, 43/ бар. Бұл 1913 жылы “Қазақ” шыға бастаған кезде жазылған өлең. “Айқап” тiлеуқорлығы бiр бұл ғана емес,  жоғарыда Шәкәрiм өлеңiне арқау болған берекесiз айтыстан кейiн “Ынтымақшыл” деген псевдониммен мақала жазған бұл журналдың  қайсыбiр авторы: “Айқап” шыққаннан берi осы күнге жұрттың қамын қайғырды, сөйледi, жазды, әлi де сөйлемекшi, қазақты iлгерi бастырмақшы. Былтырдан берi “Қазақ” газетi шығып, өзiнiң алашына айбарлық қылды. Тұңғыш ұлы “Айқапты” сүйген қазақ “Қазақты” да сүйе бастады. Бұларды сүю - қазақтың баласына борыш, парыз. Бұларды сүймеген, сүйемеген ел де болмас”,-деп тұжырымдады /8, 145/.

Сонымен осынау дәйексөздерден екi басылымның жаулығынан, немесе қарама-қарсы бағыт ұстанғанынан гөрi тiлектестiгi, “жұрт қамы үшiн” қатар iзденгенi, бұл жолда пiкiр таластырғандығы байқалады. Осы орайда қайраткер-қаламгер Смағұл Садуақасұлының: “Бiздiңше, Қ.Кемеңгерұлының 1910-шы жылдардағы қазақ оқығандарының арасында болған қырғи-қабақты саяси екi ағым деп түсiндiруi, одан кейiн “Қазақ” газетiн саясат ауруын қарайтын тамыршы деп ұғындыруы - үлкен қате пiкiр. …10-ыншы жылдарда қазақта саяси екi ағым болған жоқ. …Айтыстың бәрiн саяси ағым дей берсек, жер жүзiнде адамнан “ағым” көп боп кетер”,-деген пайымы /9/ шындыққа сәйкес келедi деп есептеймiз. Сонымен бiрге С.Садуақасұлының 1925 жылы  айтқан осы ойынан ғасыр басында зиялылар бiр бағытта жұмыс жасағаны аңғарылады. Ол бағыт – халықты ағарту бағыты едi. Бұл тоқтамды осы екi басылымның “Құрметтi оқушылар!” деп басталатын бiрiншi санындағы кiрiспе мақалалардағы пiкiрлер дәлелдейдi (Мұны “Айқапта” – М.Сералин, “Қазақта” – А.Байтұрсынұлы жазған). “Айқап”: “Газет һәм журнал  халық үшiн екендiгiне  шек айту жоқ.  Халықтың қай дәрежеде алға кеткендiгi - халық арасында таралған газет-журнал һәм кiтаптардан бiлiнедi”,-десе /10/, “Қазақ”: “Әуелi, газет – халықтың алдына түсiп жол көрсетiп, жөн сiлтеп, басшылық айтып тұрады”,-деп жазады /11/. Мұнымен қоса “Айқап”: “Заман ғылым заманы болған соң әрбiр жұрт қатарынан кейiн қалмас үшiн ақша аямай кiтап-газет һәм журнал бастырып халыққа таратудың әждәһәтiнде. …Жұртқа атақ шығарып бiлiм сату үшiн емес, бәлкi дәулет иесi ағалар мұны көрген соң ойға қалмас па екен деген ниетпен”,-деп тұжырымдаса, “Қазақ”: “Газет – халыққа бiлiм таратушы. ...Газеттен жұрт естiмегенiн естiп, бiлмегенiн бiлiп, бiрте-бiрте бiлiмi молайып, зейiнi өсiп, пiкiрi ашылып, парасаты жетiкпекшi”,-деп түйiндейдi.

Сөйтiп, “Айқап” пен “Қазақтың” өмiр жүзiне шығуы алаш жұртында қалыптаса бастаған негiзгi ағартушылықтың өрiсiн кеңейттi. Бұл екi басылым әр жерде, түрлi формада айтылып жүрген елдi ағарту идеясын бiр жерде тоғыстырып, шындалуына мүмкiндiк бердi.

Осы процестi бытырап күн кешкен жұрттың бiр тудың астына жиналып, тұтас елдiкке жұмылу үрдiсiмен салыстыруға келер едi. Негiзгi ағартушылық бастапқы  ағартушылықтың шөкiм-шөкiм болса да аса құнды идеясын дестелеп жинап, қал-қадерiнше жүйелей алды. Аталған ағартушылықтың негiзгi сипаты: там-тұмдап дәстүрдi қисынмен жалғай алуында, оқыған атаулыны бiр идеяға топтастыра бiлуiнде, ресми күлбүлте саясатты халыққа баспасөз арқылы түсiндiруге тырысуында, қарапайым жеке адам мүддесi мен ұлт мүддесiн тоқайластыруында  көрiндi.

 Тәуекел деп тұңғыш журнал ашқан М.Сералин басылымның алғашқы сандарының бiрiнде: “Қазақ баласының iс басында тұрған  бас адамдарының  iшiнде жұрт пайдасын қара басының пайдасынан артық көретұғын мәрт ерлер шықпайды дегенге көңiлiм нанбайды”,-деп жазған болатын /12, 4/.  Осы Мұхамеджан айтқан ерлер  шығып, отаршыл жүйемен газет арқылы  текетiресемiн деп абақтыға жабылғанда, Ә.Бөкейхан: “Бауырым Ахмет, Мирякуб! Сен екеуiңнiң абақтың - Радищев пен Новиков абақтысы. …18-ғасырда “ақыл патшасы” атанған француз Вольтер едi. Осы Вольтер, замандасы Толстойға неше жол көрсеткен француз Руссо, тағы да осы екеуiнiң замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. …Бiздiң Русияда абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Мельчин, Чернышевский, Морозов абақтыда жатқан. Бәрiн жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдалған. Түркияда халықты қатарға қосамын деп сарбаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Мадхат-пашалар 1883 жылы айдауда жүргенде өлген, осы күнгi Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан. Шырақтарым, сендердi мiнегенде, осылармен бiр салып мiнесе, не армандарың бар?”-деген едi /13/. Бұдан Ахмет толқынына берiлген баға аңғарылады. Ә.Бөкейханның жоғарыдағы ойымен орайлы пiкiрдi Жұмабайұлы “Жауға түскен  жанға” атты өлеңiнде:

Қиялға ескi бата бер,

Қайра өзiңдi, дәрмен не?

Уайымсыз, ойсыз жата бер,

Жұрт үшiн түстiң, арман не?-

деп жеткiзедi /14, 61/. Әлихан саяси әрiптестерiне “бiз – ағартушылармыз, Алаш тарихы осылай болуымызды тiлейдi, әлем тарихы ағартушылардың алдында бас иедi” деп отырғаны анық. Мағжан да аға толқынға осындай құрмет көрсетедi. Өзiне дейiнгi қайраткерлерге сынмен және талаппен қараған, кеңес билiгi тұсында оларды қолдап-қорғаған С.Садуақасұлы: “Бiздiң оқығандарымызды ең мақтағанда сол орыстың просветительдерiне  теңеуге болады”,-деген ойы /9/ Әлихан пайымымен сабақтас. 20-жылдары берiлген Смағұлдың бұл бағасы қаншама объективтi  болса да, негiзi дәл сол кезде зиялыларды қорғау мақсатында айтылған едi.

Ендi сол Алаш зиялылары қашан бiртұтас күшке бiрiктi, оған не себеп болды деген мәселеге келейiк. Кеңестiк тарихнамадан мәлiм жай: 1905 жылы қаңтарда “бiрiншi орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы” басталып, жаппай ереуiлге ұласты,  бұл төңкерiс шет аймақты оятты, сөйтiп 1917 жылы “октябрь революциясына” репетиция жасалды. Бiрақ осы түсiндiрiлiмнен  бiз қазақ тағдырына қатысты жайларды жiтi бағамдай алмайтын едiк.  Кейiн анық болған деректерге қарағанда, бұл оқиғалар тiзбегiнiң бәрi рас, алайда мұның көбi алаштың қилы тарихына бөтен екен. Бiрiншi, Ресей империясының қазақ сынды өгей ұлты 1905 жылғы төңкерiстерге өзiндiк көзқараспен қараған. Әсiресе осы төңкерiс насырға шаппасын деп патша өкiметi жариялаған Манифестке (халық арасында “17 октябрь Манифесi” делiнген) үмiт артқан.  Мұның себебi де жоқ емес едi. Ең басты себеп: ұлттардың ана тiлiнде бала оқытуына, газет-журнал шығаруына тиым салынды.  Ресейлiк түрiк-мұсылмандары арасында 1905 жылға дейiн (1918 жыл шығуын тоқтатқан) И.Гаспринскийдiң аса тәуекелшiлдiгi мен мәмiлегерлiгiнiң арқасында “Тәржiмән” газетi ғана (оның “Дала уалаятының газетiндегiдей” орысша баламасы болған) шыға алды.

Сонымен бiрге татар кәсiпкерлерiне кiтап бастыруға мүмкiндiк туды. Бiрақ Қазан зиялылары да 1905 жылға дейiн  газет-журналдан мақұрым едi. Сол жылы қазан айына дейiн жер-жерде “тiлге, дiнге бостандық сұраған” петициялар (мысалы, бiздегi “Қарқаралы петициясы”) Петербордағы патша сарайына ағылып жатты. Патша амалсыз жариялаған “17 Октябрь Манифесi”: жиналыс жасауға, сөзге, ана тiлiнде оқуға, жеке бастың азаттығына еркiндiк берiп, өкiметтi бұдан былай халық өкiлдерiнен тұратын Мемлекеттiк Дума басқарады деп шештi /15, 36-37/. 1905 жылы қараша айында өткен жергiлiктi жер және қала қайраткерлерiнiң съезiнде Ә.Бөкейхан: “Бiзде де ауылдық мектептер қуғын-сүргiнге ұшырауда. Оларда ана тiлiн жүргiзуге тиым салынған. Бiздi де цензура аямай жаншуда. Мысалы, қазақ тiлiне аударылған И.Крыловтың 46 мысалын бастыру үшiн (А.Байтұрсынұлы аудармасын айтып отыр – Д.Қ.) цензордан рұқсат ала алмай сандалғаныма 13 ай өттi. …Қазақ мұқтажы шаш етектен. Ең бастысы – ана тiлiмде емiн-еркiн сөйлесем, тiл бостандығы болса екен дейдi бұл ұлт”,-деп мәлiмдеген болатын /16/. Сөйтiп осы қиындықтар артта қалғандай болып, 1906 жылдың басынан Мемлекеттiк Думаға мүшелiкке сайлау науқаны басталады. Ә.Бөкейханға да Думаға мүшелiкке өту мүмкiндiгi туады. Бiрақ патша жандармериясы Әлихандай қайраткерге тосқауыл қойып бағады. Сайлау қарсаңында Ә.Бөкейхан Павлодар маңында тұтқындалады, портфелiндегi бар қағазы тәркiленедi. Бiр айта кетер факт: тәркiленген қағаз арасында Абай өлеңдерiнiң қолжазбасы бар екен /17, 22/. Алайда заңға сауатты Әлихан бұл тұзақтан босап шығып, кеш те болса Петерборға халық сайлаған депутат ретiнде барады.

Тарихтан белгiлi және бiр дерек: 1906 жылғы Мемлекеттiк I Дума да, 1907 жылғы II Дума да патша әмiрiмен күшпен таратылған. Сондай-ақ қазақтан осы Думаның екi шақырылымына ғана депутат сайланған.

Ал 1907 жылы II Думаны таратқан патшаның 3 июньдегi жарлығы қазақ сынды империя iшiндегi  бiрқатар қауқарсыз ұлттарды сайлану хұқынан айырды. Бұл туралы кейiн Ә.Бөкейхан: “1907 жылы  3 июньде екiншi Дума қуылып, ендi келер Думаларды сайлауға “3 июнь Законы” шықты. Бұл закон бойынша бүгiн қазақ  халқы депутатсыз қалды. Қазақ халқы надан, Думада депутаттық бұған қол емес дедi”,-деп ашынып жазды /18/. Ресми өкiметтiң аса сойқан әдiлетсiздiгiне және дүниеде ешбiр мемлекетте жоқ халықтарды алалау туралы жоғарыда айтылған заңға кейiн сайланған депутаттардың жаппай қарсылық бiлдiрмей отырғанына назаланған Ахмет Байтұрсынұлы: “Қазақтың дүнияда болған-болмағанымен  жұмысы да жоқ депутаттар, хүкiмет кiргiзген проект қандай болса да, жарайды деп қабыл ете салады. Қазақ үшiн ойланып бастарын ауырпайды”,-деген болатын /19/.

Бiздiңше, ХХ ғасыр басында алаш жұртын, оның көзi ашық азаматтарын осы 1907 жылы  маусым айындағы ұлт хұқының аяққа тапталуы оятты. Алты миллион халықтан бiрде-бiр депутат сайланбады деген сөз – осыншама адамның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, олардың зәрулiгiн, мұқтажын ресми өкiметке жеткiзетiн ешбiр жанның болмағаны деген сөз. Дүние жүзi жақсылыққа, теңдiкке ұмтылып отырғанда, Ресей империясының оспадар әрекетiн  ақтау мүмкiн емес едi. “Сол жолы бiздiң қазақты Г. Думадан шығарып тастады,- дейдi осы оқиғаны түсiндiргiсi келген Ә.Бөкейхан. –Баяғы қағусыз, қайырусыз үйреншiктi ескi жолмен 3 июнь Г. Думасыз шықты. Әй, законнан аспағаның қалай, мұның қалай дейсiң бе, оқушылар? Германия жұртының шешенi марқұм Лассал айтқан: бiр тайпа жұртқа ескi ғұмыр, ескi жол жақсы, бiр тайпа жұртқа жаңа ғұмыр, жаңа жол жақсы. Осы екеуi таласар, тартысар, дауласар, жұлысар. Осы екеуiнiң күресiнiң шарты - ғұмыр законы. Қағазға жазған закон мына талас-тартыс, күш-қуат мiнген закон келсе, сыпырылып шыға беретiн: “3 июнь” келгенде “17 октябрь” мойнына су құйылып шыға берген” /20/. Әлихан сөзiнен мәлiм болғанындай, құқықты белiнен басу Ресейге ыңғайлы едi. Бұл – күрделi Ресей империясының шындығы болатын.

Рас, 1905  жылы 17 қазанда  жарияланған патша манифесiне алаш азаматтары үмiтпен қарады. Ақын Мәшһүр Жүсiп:

Биылғы үмiттi едiк өткен күзден,

Октябрь он жетiншi деген сөзден, -

деп жазса /21,56/, Петерборда шығатын “Новая жизнь” газетi: “17 қазан кезеңiнде және одан кейiн Ә.Бөкейхан қазақ тiлiнде газет шығармақ болып елiне кеттi”,-деп хабарлапты (мұны “Семипалатинский листок” газетi көшiрiп басқан) /22/. Ал, өкiнiшке қарай, Әлихан бұл жолы газет шығара алмаған. Дегенмен, ертеде баспасөзде қатталған деректер 1906 жылы 28 мамырда Торғай облысына қатысты зиялылар Ақтөбе шаһарында Думаға байланысты бiр жиын өткiзiп, газет бастырмақ болып пәтуаласқанына, осы үшiн 5000 сом ортадан шығарғанына куәлiк бередi /23/. Сөйте тұра “ғұмыр законы” мұндай бастамашылықтың  меселiн қайтарды.  Мәшһүр-Жүсiп:

Түңiлдi естiген жұрт мұнан таза,

Дәнеңе жоқ бiлмегенге, бiлгенге аза.

“Манифест бар” деушiлер тұтқын болып,

Кесiлдi еш себепсiз оған жаза.

 

Бiр құдай, бiзге жарық таңыңды атыр,

Болар ек, атса таңың, бiз де батыр.

Қазаққа құлақ пен көз болған ерлер,

Тұтқында бiлесiз бе, неден жатыр,-

деп жазған едi осы шақта /21, 59-60/. Дiндар-қайраткер Ш.Қосшығұлұлының империя астанасында “Серке” газетiн шығаруға байланысты iс-әрекетiн алдыңғы бөлiмде айтқан болатынбыз. Бұл iзденiстiң бәрi 1905-1907 жылдар аралығында жүрдi.  “Серке” 3 июньдегi  патша жарлығынан соң алты күннен кейiн күштеп жабылғаны белгiлi болып отыр.

Сонымен ХХ ғасыр басындағы қазақ қауымының  хал-ахуалы ел тұтқасы iспеттес зиялылардың бетiн күрескерлiкке бұрды. Бұл шақта халықтың рухани сұранымын қанағаттандырып жатқан жәдитшiлдiк алаш баласына бiраз нәрсенi үйреттi. Әсiресе, оның Батыс пен Шығыс тәжiрибесi мысалында ұлттық ояну мен жетiлудi түсiндiрген iзденiсi қазақ сынды қаймана болып қалған милләтке төтеннен олжа салды. Осы уақыттың шындығы туралы қайраткер Тұрар Рысқұлұлы былай деп жазады: “Ол кездегi саны аса көп емес қазақ зиялыларының талпынысы мен ағымы мәдениетшiлiк сипатта болды. Олардың саяси бағыты мен мақсаты тұманды едi. Сондықтан бұлар орыстың либералдық қозғалысынан да, мұсылмандық ағымынан да көмек қолын күттi” /24/. Бұл дәйексөздегi “мәдениетшiлiк” (“культурничество”) деген  ұғымнан ғасыр басындағы жалпы руханияттың бағыты анық байқалады. Егер бұл ұғымға Шығыс елдерi - өркениет, ал Батыс елдерi - ағарту атаулыны сыйдырса, зиялылар миссиясы дәл аңғарылған болып шығады. Саясат мәселесiнде Алашқа дейiн, шындығында, қазақ оқығандары бiр жағынан Ресейдiң кадет (конституциялық-демократиялық) партиясына, екiншi жағынан мұсылман қозғалысына иек артты. Әлихан: “I және II Думада  қазақ депутаттары (соңғысында өзi де бар. – Д.Қ.) “Халық еркiндiгi” (Народная свобода) партиясының мұсылман фракциясына кiрдi”,-деп жазады /17, 77/.

Мұсылман қозғалысы ХХ ғасыр басында саяси тұрғыдан әжептәуiр салмаққа ие болды. Бұған 1905 жылы 15 тамызда Нижний-Новгородта (Ока өзенi үстiндегi “Густав Струве” кемесiнде) өткен I съезi, 1906 жылы 13-23 қаңтарда Петерборда өткен II съезi, 1906 жылы 16 тамызда бiрiншi жиын болған Нижегородта өткен III съезi материалдары куәлiк бередi /25/. Осы тарихи жиындарды өткiзуге ұлы тұлға И.Гаспринский мен  қазақтың тұңғыш ұлттық газетi - “Серкенi” шығаруға қолғабыс еткен Р.Ибрагимов мұрындық болғаны мәлiм. “Иттифак” (бiзше ынтымақ) ұйымын құрған бiрiншi съезд қарарында: мемлекетте бар ұлттың хұқы тең болсын, қоғамдық-мәдени, саяси сұраным қанағаттандырылсын, газет-журнал ашуға, ағарту жұмысын жүргiзуге еркiндiк берiлсiн деген секiлдi ұсыныстар жасайды /25, 45-46/. II съезд Ресей мұсылмандарын бiртұтас күш ету мақсатында 16 ауданға бөледi. Осының iшiнде алты аудан (Ташкент, Орал, Омбы, Семей, Верный, Петропавл) алаш жұртына қатысты аумақтар едi. Осы съезд Мемлекеттiк Думаға сайлауға қатысу барысында кадет партиясымен бiрiгу қажет деп шештi (Ә.Бөкейхан 1917 жылға  дейiн осы партияда болды). III съезде де ынтымақ жайы қарастырылды. Сонымен бiрге мұнда ұлттық негiзде партия құру мәселесi талқыланды. Ең бастысы мұнда  Мемлекеттiк Думаға сайлау кезiнде ұлттың санына қарай тепе-теңдiк принципiн ұстау мәселесi жан-жақты сөз болды. Осы съездiң төралқасында И.Гаспринскийлермен бiрге қазақ Ш.Қосшығұлұлы мен Сәлiмгерей Жантөрин қатар отырып жұмыс жасағанын ескергенiмiз жөн /26, 31/.

Сондай-ақ 1906 жылы Қазанда мұсылман мұғалiмдерiнiң съезi өттi. Мұнда бiлiм саласын жүйелеу, мұсылман оқуын жалпы еуропалық стандартқа сәйкестендiру мәселесi қаралды /27, 22/. Бұл да “17 октябрь Манифесiнiң” “жылымық” сәт туғызғанын дәлелдейдi. Алайда ресми  өкiмет ұлттарды оятатын оқу саласына аса жiтi назар аударды. “Қазақ” газетiнiң сараптамасына қарағанда /28/, патша 1906 жылы 14 қаңтарда “бастауыш мектеп әрбiр ұлттың ана тiлiнде жүргiзiлсiн” деген  бұйрық жариялаған (“17 октябрь” инерциясымен – Д.Қ.), ал Оқу министрi осының негiзiнде  сол жылы 31 наурызда “харпi жоқ ұлттар үшiн оқулық орыс харпiнде басылсын” деген құйтұрқы Ереже шығарады (мысалы, ол кезде қазақтың қалың жұрты үшiн кириллица қара тұман екенi түсiнiктi). Бiрақ бұған қарсы ұлт зиялылары өре түрегеледi. Алаштың газетi жазғанындай, “1907 жылы Оқу министерствосының мекемесiнде осы 31 март Правиласын түзету туралы кеңес болды. Кеңеске мұсылмандардан адамдар шақырылды, бiздiң қазақтан Ғабдолғали Балғымбаев пен Отыншы Әлжанов барды”. Әйтсе де бұл кеңес ұсыныстарды белiнен сызып, тағы да империя үкiметiнiң ұпайын түгендейдi.

1907 жылы 1 қарашадағы Ереже бойынша ана тiлi бастауыш сыныптардың екi жылында ғана тек жеке пән ретiнде жүруге мүмкiндiк алды. Сөз жоқ, қалған пәндер орыс тiлiнде оқытылатын болып шешiлдi. Бұл да ұлт хұқының аяққа тапталғанын көрсетсе керек.

Сөйтiп, 1907 жылы маусым айында жарияланған әдiлетсiз жарлықтан соң, жиырма миллионнан астам Ресей мұсылмандарынан  сол жылы 1 қарашада шақырылған  III Думаға  он-ақ депутат (Қазаннан – 2, Уфадан – 4, Орынбордан – 1, Қапқаздан – 2, Қырымнан – 1) сайланды /25, 69/. Мұндай сорақылық Еуропаның бiрде-бiр елiнде жоқ едi.

Қазақтан депутат сайланбауы, ресми ана тiлiн пайдалануға тиым салынуы алаш қауымының заңды түрде ашу-ызасын тудырды. Осы кездi Мiржақып Дулатұлы:

Аяқ асты болып  қазақ қалды ғой,

Құр әншейiн рухы қалып, жан кетiп.

Шаһбазлар басшы болған милләтке,

Аяғына қан түстi ғой мән кетiп.

 

Әлi де болса, ояналық “аллалап”,

Жалыналық жаратқан хаққа бәнде етiп.

Мезгiлiнде қару қылмай қимылдап,

Бұл уақытта тұрмыз ендi хәл кетiп,-

деп суреттейдi “Оян, қазағында” /29, 40-41/. Бұл қиын ахуал А.Байтұрсынұлының 1911 жылы шыққан “Маса” жинағында да сөз болады. Ахмет “Жиған-терген” өлеңiнде:

 

Ұйқышыл жұртты

Түксиген мұртты

Обыр обып, сорып тұр.

Түн етiп күнiн,

Көрсетпей мiнiн,

Оятқызбай қорып тұр.

Обыр болса қамқорың,

Қайнағаның сол сорың! –

деп жазады /30, 29/. Ал ендi осы қиындықтан халықты қалай алып шығуға болады деп iзденген азаматтарға елдiң құлақ аспай жатқаны, бұйығы тiрлiгiн, аңқау қалпын салтқа айналдырып жiбергенi А.Байтұрсынұлын аз қамықтырмаған. Ағартушы ақын осы ретте:

 

Оянған ерге,

Ұмтылған жерде

Ерушi аз да, серiк кем,

Қас бiлген досты,

Дос бiлген қасты;

Мұндай елдi көрiп пе ең?

Қыс iшiнде бiрер қаз

Келгенменен қайда жаз? –

дейдi /30, 30/.  Қазақ сынды ұлт үшiн империя “қақаған қыс” едi.  Алаш ұғымындағы алты ай қыс емес, жыл он екi ай қыс болатын. Бірақ бұл жағдай өмірден баз кешуге емес, ояну мен бірігуге себеп еді.

 

Әдебиеттер:

  1. Байтұрсынұлы А., Бөкейхан Ә., Жәнiбеков Ж., Дулатов М., Қадiрбаев С., Ғұмаров Е., Әлiмбеков И., Бегiмбетов Н.Шора-и ислам //Қазақ, 1917, 11 июнь.
  2. Кемеңгерұлы Қ. Қазақ тарихынан. - Мәскеу: Ұлттар комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы, 1924. - 147 б.
  3. Асфендиаров С. История Казахстана (с древнейших времени). Алматы: Қазақ университетi, 1993. - 304 с.
  4. М.Д. (Дулатұлы М.). Айқап журналы//Қазақ, 1914, 21 февраль
  5. “Айқап” тоқталуы//Қазақ, 1915, 8 сентябрь.
  6. Құдайбердиев Ш. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1988. - 560 б.
  7. Ғабдылрахман Ғ. Орынборда шығашақ “Қазақ” туралы// Айқап, 1913, N2. Б. 41-43.
  8. Ынтымақшыл. Үлкен кiсiлерiмiзде кiшкене мiнез//Айқап, 1914, N9. - Б. 144-146.
  9. Садуақасұлы С. Қазақ… тарихынан?!//Еңбекшiл қазақ, 1925, 24-31 январь.
  10. Сералин М. Шаһар Тұрайск, ғинуар 10-iнде, 1911-iншi жыл //Айқап, 1911, N1. - Б. 3-4.
  11. Құрметлу оқушылар!//Қазақ, 1913, 2 февраль.
  12. М.С. (Сералин М.). Бiздiң дертiмiз//Айқап, 1911, N3. - Б.1-4.
  13. Қыр баласы (Бөкейхан Ә.). Ұят-ай//Қазақ, 1914, 16 март.
  14. Жұмабаев М. Шығармалар. Алматы: Жазушы, 1989.-448 б.
  15. 1905 год. Материалы и документы. - Москва, 1905. - 170 с.
  16. Семипалатинский листок, 1905, 8 декабрь.
  17. Бөкейхан Ә. Таңдамалы - Избранное. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1995. - 478 б.
  18. Қыр баласы. Үшiншi Дума һәм қазақ//Қазақ, 1913, 6 апрель.
  19. Оренбурғ, 31 октәбр//Қазақ, 1913, 31 октябрь.
  20. Қыр баласы. Сусағанның түсiне су кiредi//Қазақ, 1913, 30 ноябрь.
  21. Көпеев М-Ж. Таңдамалы. Екi томдық. I том. - Алматы: Ғылым, 1990. - 273 б.
  22. Семипалатинский листок, 1906, 5 декабрь.
  23. Құрметлу Ысмайыл қажы//Айқап, 1911, N11.
  24. Советская степь, 1926, 2 июнь.
  25. Аршаруни А., Ғабидуллин Х. Очерки панисламизма и пантюркизма в России//Общество исследования Средней Азии. - Лондон: репринтная серия N18. – 189 с. 
  26. Политическая жизнь русских мусульман до февральской революции. - Оксфорд: Общество исследования Средней Азии, репринтная серия N13, 1987. - 120 с.
  27. Мусульманская печать России в 1910 году. Составлено по распоряжению г.Начальника Главного Управления по делам печати под редакций В.Гольмстрем//Общество исследования Средней Азии. - Англия, Оксфорд: репринтная серия N12, 1987. - 103 с. 
  28. Школдарда ана тiлiмен оқу//Қазақ, 1915, 4 апрель. 
  29. Дулатов М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1991. - 384 б.
  30. Байтұрсынов А. Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1989. 320-б.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Автор:
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte