Қытай – туристiк ресурстарға өте бай мемлекет. Мыңдаған ғасырлық тарихы бар мемлекет әлемге ежелгi заманнан қалған мәдени ескерткiштерiмен, ұлттық салт-дәстүрлерiмен, ерекше үрдiстегi театр, музыка, би өнерiмен, айрықша асханасымен және бiр жарым миллиардқа жуық халқымен танымал.
Бұл елдiң территориясын «Қызыл кiтапқа» енгiзiлген сирек кездесетiн аңдар мекендейдi, неше түрлi таң қаларлық өсiмдiктер өседi. Қытай әлемге әсем өзендерiмен де белгiлi. Осының бәрi дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен жыл сайын ағылып келетiн миллиондаған туристердi магниттей тартады.
Қытай өзiнiң көпғасырлық тарихында көптеген ортағасырлық ескерткiштер мен архитектуралық құрылыстарға ие болған. Осы қалалардың бiразына «Қытайдың үлгiлi туристiк қаласы» деген атау берiлген.
Соғысушы патшалықтар кезеңiнде iргесi қаланған, 2000 жылдан астам тарихы бар, әлемге әйгiлi «Ұлы Қытай қорғаны» – елдегi ең танымал туристiк мекен болып саналады. Әлемнiң жетi кереметiмен теңесетiн бұл қорғанды жылына миллиондаған турист тамашалайды. Ұзындығы 1,5 мильге созылып жатқан ұлы қорғанның басында туристерге қызмет көрсететiн оншақты бөлiмше жұмыс атқарады. Бұл қорғанды көру үшiн бiз секiлдi осында оқып жатқан жастар жиi келедi.
Қытайдағы тас үңгiрлер, мүсін-ескерткiштер және қасиеттi дiни орындар – көп сұранысына ие болып отырған бағалы туристiк ресурстар.
Мұндай ресурстарды осы елдiң әр провинциясынан табуға болады. Бүкiл Қытай бойынша шамамен iрi-iрi 500-ге жуық ортағасырлық үңгiр, мыңдаған шағын монастырь және миллиондаған мүсін-ескерткiш бар. Осылардың iшiндегi ең әйгiлiлерi – Сычуань провинциясындағы Лышан тауында тұрғызылған биiктiгi 71 метрлiк «Үлкен Будда» ескерткiшi және 495 жылы салынған, аумағы 300 шаршы шақырым болатын әйгiлi Шаолинь монастырi.
Қытайда 101 қалаға «тарихи және мәдени маңызы бар қала» мәртебесi берiлген. Бұлардың iшiндегi ең көрiктiлерi – Ханчжоу және Сучжоу қалалары. Ежелгi дәуiрден берi мөп-мөлдiр өзен-көлдерiмен, сәндi көпiрлерiмен және бақшалы саябақтарымен танымал бұл қалаларды қытайлар жердiң жәннаты санайды.
Қытайдың территориясында әсем қалалардан басқа сұлулығын сөзбен айтып тауыса алмайтын алып таулар, өзен-көлдер, сарқырамалар және ерте заманғы үңгiрлер жетерлiк.
Шыңдары көкпен таласқан Тайшань және Хуаншань таулары, Сычуань провинциясының солтүстiгiнде орналасқан, аумағы 620 шаршы шақырым Цзючжайгоу шатқалы, Тяньшань тауындағы тереңдiгi 105 метр Тианчи кристалды көлi және гүрiлi бес шақырымнан естiлетiн 18 жер үстi мен 4 жер асты сарқырамаларын қамтитын каскады бар Гуйчжоу провинциясындағы Хуангошу жерi жайында ертеден келе жатқан керемет аңыздар айтылады.
Жалпы, Қытайды 56 ұлт мекендейдi. Осы ұлттардың әрқайсысының өзiндiк мәдениетi, салт-дәстүрлерi қалыптасқан және ұлттық мейрамдары бар.
Қарап отырсақ, осылардың бәрi де туристiк ресурстар болып есептеледi. Тибеттiктердiң «Қышқыл сүт», «Сюедун» мейрамдарын, Iшкi Моңғолия моңғолдарының «Надом» мерекесiн, Юнань провинциясындағы Сишуанбань аумағындағы дай халқының «Су мерекесiн», Лугуху көлiнiң маңайында тiршiлiк ететiн, қазiр 30 мыңға жуық халқы ғана қалған, әлi күнге дейiн «матриархат» дәстүрiн сақтап отырған мосо халқының салт-дәстүрлерiн қызықтауға келетiн туристер ағыны жылдан-жылға көбейе түсуде.
Тоқтамай ағылып жатқан шетелдiк туристер жосқынына байланысты Қытайда әуе, темiр жол, трасса, өзен және теңiз арқылы тасымалдау жолдары жақсы қарқынмен дамып келедi. Әр түрлi деңгейдегi туристердiң жағдайын жасау үшiн соңғы жылдары жүздеген қонақ үйлер жаңадан салынып, мыңдағаны кеңейтiлiп, реконструкциядан өткiзiлдi. Қазiргi уақытта жалпы Қытай бойынша iрi қалаларда туристерге арналған 10 мыңнан астам «жұлдызды» қонақ үйлер, әрбiр кiшiгiрiм қалаларда, провинцияларда және туристiк орталықтарда толық қызмет көрсететiн қолайлы шағын қонақ үйлер бар.
Қытай бүгiнде әлемдегi жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ең үлкен туристiк нарықтың мекенi болып саналады. 2006 жылы Қытайға туристiк сапармен келiп-кеткендер саны шамамен 129 миллион болса, бүгiнде олардың саны оншақты пайызға өсiп отыр. Туристердi өзiне тартып қана қоймай, бұл ел қазiр өз туристерiн шетелдерге шығарудан бүкiл Азия бойынша бiрiншi орында келедi. Қазiр Қытаймен өзара туристер алмасу жөнiнде келiсiмге келген 63 мемлекет болса, олардың 30-дан астамы – Еуропаның елдерi.
2007 жылы туризмнен түскен пайда 33-34 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұдан осы көрсеткiштiң алдыңғы жылдарға қарағанда шамамен 13-14 пайызға өскенiн көремiз.
Мұндай әлеует Қытайдың отандық туризмi тарихында болып көрген емес. Бүкiләлемдiк туризм және саяхат жөнiндегi кеңестiң болжамы бойынша, алдыңғы он жылда Қытай туризмi жыл сайын 10,4 пайызға өсiп отыратын көрiнедi. Ал 2020 жылы ҚХР әлемнiң басты туристiк Меккесi болады.
Сонымен қатар бұл ел өз азаматтарын шетелге сапарға шығарудан дүние жүзi бойынша төртiншi орын иеленедi. Болжамға сүйенсек, сол кездерi шетелге жылына 100 миллион қытай сапар шегетiн болады.
Жыл сайын еңсесi көтерiле түсiп, қуатына қуат қосып келе жатқан әлемнiң алып мемлекетi – Қытайдың туризм саласындағы күнi бүгiнге дейiнгi қол жеткiзген жетiстiктерi осындай. Оның игiлiгiн жергiлiктi халықпен бiрге Қазақстанның жұртшылығы да, тiптi осында оқып жатқан бiздiң елдiң студенттерi де көретiн болады.