Қытай әлем бойынша халқының саны мен көлемi жағынан алдыңғы қатарда болғандықтан, мұнда көлемдi қалалар саны да жетерлiк. Қандай қажырлы адам болсаң да, осындай алып қалаларды жаяу кезiп шығу мүмкiн емес. Сондықтан да бұл елде қоғамдық көлiк жүйесiне ерекше назар аударылады.
Тек қана Қытайдағы ғана емес, әлемдегi iрi мәдени-экономикалық орталықтардың бiрi болып саналатын Нью-Йорк пен Лондоннан кейiнгi үшiншi қала, өзiм оқыған Шанхайдың қарапайым халқы қоғамдық көлiктiң негiзгi үш түрiн пайдаланады. Бастапқы екеуi өзiмiзге үйреншiктi, көше-көшеде күнi-түнi ағылып жататын автобус пен такси болса, үшiншiсi бiздiң ел тұрғындарына таңсықтау метро болып табылады. Қазақтың бәрi бiрдей жер асты көлiгiн жаппай пайдаланып көре қойған жоқ қой.
Осы үшеуiнiң iшiндегi ең қолайлысы, әрине, автобус. Бұл жақтың автобустарының басқа елдiкiнен айтарлықтай айырмашылығы жоқ.
Автобустар таңғы сағат 6-дан кешкi сағат 9-10-дарға дейiн үздiксiз жүредi. Жол жүру ақысы бағытыңның алыс-жақындығына байланысты. 1-ден 4 юаньға (бiздiңше шамамен 16-64 теңге) дейiн төленедi. Бiздiң көлiктерден сәл ғана ерекшелiгi, шамадан тыс жолаушы алмайды және де жол ақысы уақтысымен төленiп, қандай жағдай болсын, белгiлi бiр тәртiппен қозғалады. Өз басым бұл көлiк түрiн онша көп пайдаланбасам да, көшеде ешқашан лық толы және ескiрген автобус көрмеппiн. Көлiктiң барлығы пайдалану мерзiмi өтiсiмен тез арада жаңартылады.
Автобусты көбiнесе жергiлiктi халық пайдаланады. Ал шетелдiктер арасында бұл көлiктiң беделi шамалы.
Бiз үшiн мұнда ең ыңғайлы көлiк такси болып саналады. Өйткенi қалаған жерiңе көп жағдайда ешбiр кедергiсiз, тез арада жетiп қалуға болады. Сондай-ақ қала iшiнде қандай да бiр төрт дөңгелектi көлiк түрi болсын, бәрiн қосып есептесең де саны жағынан таксилерге жете қоймас.
Шанхайдың өзiнде құрастырылатын, қытайлықтар арасында ең танымал және көп тараған көлiк маркасы – volkswagen. Барлық дерлiк таксопарктер осы марканы пайдаланады. Мұнда бiздегiдей кез-келген машинаны тоқтатып: «Мұнда апар, мынанша берем, сонда апар, сонша берем», – деп саудаласу атымен жоқ.
Такси тоқтасымен ешбiр тiл қатусыз-ақ iшке кiрiп, баратын жерiңнiң мекен-жайын айтсаң болды, жүргiзушi жәймен қозғала бередi.
Жол ақысы жүрген жолыңның қашықтығы мен уақытына байланысты. Оны жүргiзушiнiң оң жағында орнатылған есепшоттан көрiп отыруға болады. Шанхай таксилерiнiң есепшотының әдепкi бағасы күндiз 11 юань (шамамен 176 теңге) болса, кешкi сағат 11-ден кейiн 14 юаньнан (шамамен 224 теңге) басталады. Әр шақырымға 1-2 юань (16-32 теңге) қосылып отырады. Ал 10 шақырымнан кейiн баға сәл көтерiледi. Әдепкi баға 4 шақырымға дейiн бiрқалыпты болады.
Таксопарктер әдетте жұмысқа такси жүргiзушiсi кәсiбiне тек қана Шанхай қаласының тұрғындарын алады.
Жұмыссыздықтың көптiгiне байланысты кейбiреулер такси жүргiзушiсi болып өмiр бойы жұмыс iстейдi. Такси жүргiзу стажы мен сол кезеңдегi жинаған тәжiрибесiне байланысты жүргiзушiлердiң дәрежесi кейде қызыл, кейде көк түстi жұлдызбен бағаланады. Сондықтан да сенi қандай адам алып бара жатқанын алдыңғы жолаушы орындығына қарсы жақтауға орнатылған жүргiзушiнiң жеке карточкасында көрсетiлген жұлдыздар санына қарап бiлуге болады.
Ең жоғарғы дәреже – бес жұлдыз таксист ретiнде құрығанда оншақты жыл қызмет iстеген және де қытай тiлiмен қоса, басқа бiр шет тiлiн (мүмкiндiгiнше ағылшын тiлi) шетелдiктермен түсiнiсе алатындай дәрежеде меңгерген жүргiзушiге берiледi.
Өзiм кездестiрген жүргiзушiлердiң iшiндегi дәрежесi ең жоғарысы – төрт жұлдызды, жасы алпыс шамасындағы қарт жүргiзушi. Әңгiме арасында ол маған: «Жастайымнан осы кәсiппен айналысып келемiн. Бала-шағам, бiр немерем бар. Өмiрiмнiң тең жартысынан астамын көлiк айдауға арнасам да «бес жұлдызды жүргiзушi» дәрежесiне жете алмадым. Мен такси жүргiзудi бастаған кезде шет тiлiнiң қажетi шамалы едi...», – деп бiр күрсiнiп алды...
Такси шетелдiктер үшiн ең ыңғайлы көлiк болса да, қытай тiлiн жақсылап меңгерiп ала қоймағандар ептеген кедергiлерге кезiгедi... Солардың ең бастысы – жүргiзушiлермен түсiнiсе алмаушылық. Жоғарыда айтылғандай, жүргiзушiлер шанхайлық болуы тиiс. Сондықтан да олардың көбiсiнiң сөзiнде шанхайлық акцент болады. Ондай кiсiлер тек қана «шанхайхуа (шанхай диалектi)», немесе дұрыс қытай тiлi – «путонхуа» бойынша таза сөйлеуi қажет. Бiрақ, бұл көпшiлiкке, әсiресе еуропалықтар мен американдықтарға оңайлыққа соқпайды. Сол себептi шетелдiктер көп сөйлеудi қажет етпейтiн метроны пайдаланғанды жөн көредi.
Шанхайда метроның екi түрi бар: жерасты және жерүстi метросы. Жалпы, қала бойынша Шанхайда сегiз (1, 2, 3, …8) метро жолы бар. Олардың төртеуi (1, 2, 3, 4) қаланың ортасы мен шет жақтарын байланыстырып тұрса, қалған төртеуi (5, 6, 7, 8) шет жақ пен қаланың сыртқы беттерiн байланыстырады. Метро таңғы сағат 6-дан кешкi сағат 11-ге дейiн ашық.
Жол жүру ақысы стандартты жүйе бойынша қашықтыққа байланысты 1-ден 8 юаньға дейiн барады. Билеттi әр станциядағы метро кассаларынан алуға болады.
Кассалардың жанында тиын тәрiздi ұсақ ақша қабылдайтын арнайы аппараттар орналасқан. Әр жолдағы пойыздар метро арқылы әрбiр 4-5 минут сайын жүредi. Сондықтан мен үшiн осы метродан артық көлiк жок. Автобустар оншақты минут жүретiн қашықтықты жер астымен, не үстiмен зу етiп 1-2 минутта өте шығасың. Өзiнiң жеке жолы бар, алдында ешбiр кедергiсi жоқ, кептелiс («пробка») дегендi мүлде бiлмейтiн «темiр тұлпарды» пайдаланған адам қалаған жерiне дәл уақытында жететiнiне әрқашан сенiмдi болады.
Әрине, көлiктiң бұл түрiнiң де аздаған машақаты бар. Қай кезде де, метро адамға толы болады.
Сонымен қатар оқтын-оқтын өз қалтаңды және алып келе жатқан заттарыңды тексерiп отыруың қажет. Өйткенi, бұл елдiң халқы қаншама тәртiптi болғанымен де, әр ұлттың өз абырой төгерлерi бар екенi рас. Ал метро сондайлардың пайда табуына өте қолайлы көп вагонды «офис» болып саналады.
Қарап отырсақ, қай елде болсын, қоғамдық көлiктiң қандай да бiр түрiн қолдансаң да, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, қолайсыз да, қолайлы да жақтары бар екен. Сондықтан қайда жүрсең де астыңда жеке сенiмдi көлiгiң болғанға не жетсiн!