Сыр елi және Шың елi

Шанхайдың қай мүйiсiнде жүрсем де, бiр кезде бұл елдi мекендi Қызылорданың бiр ауылы шығар деп ойлағаным есiмнен кетпейдi. Сөйтсем, Қызылорда түгiлi, бүкiл Қазақстанның халқы еркiн сыйып кететiн алып мегаполис екен.

Бұл не деген көп Шанхай?

Бала кезiмде Қызылорда облысының Арал ауданында бастауыш сыныпта оқыдым. Шанхай деген атауды мектепке бармай тұрған кезде-ақ естiген болатынмын.  Бiрақ мен үшiн Шанхай осы облыстың бi­раз аудандары мен қалаларындағы ықшам аудандардың атауы ғана едi. Анда да – Шанхай, мұнда да – Шан­хай... Ауданда да – Шанхай, Қызылорда қаласында да – Шанхай...

Ол тұста мен сол шағын аудандар ресми түрде бұлай аталмайтынын, тек елдiң өзiнiң қойған атауы екенiн мүлде ұқпайтынмын. Кейiннен мектеп табалдырығын аттап, жағрапия, әлем  тарихы пәндерiмен  танысқаннан кейiн Шанхайдың әлемге әйгiлi ұлы держава – Қытай мемлекетiнiң ең көне әрi iрi қалаларының бiрi екенiн бiлдiм.

Кейбiр оқу­лықтардың бетiнде ежелгi шаһар – Шанхайдың суретi де басылатын. Өсе келе басқа облыстардың да өз Шанхайлары бар екенiн байқадым.

Елiктегiш халқымыз алып мемлекеттiң iрi қаласының атауын өз елдi мекендерiнiң шалғайлау орналасқан әрi мазасыздау аймақтарына бере салған екен. Бәлкiм, сондықтан шығар, бала кезiмде Шанхай шынымен де әбден көнерген, келiмдi-кетiмдi адамға толы, таза ауыл тақылеттес қала ретiнде есiмде сақталып, жадымда онша жақсы әсер қалдырмаған едi.

Өз басым әйтеуiр өмiрiмде көрмеген Шанхайды көз алдыма осылай елестеттiм. Алайда, арада он шақты жыл өткенде сол Шанхай менiң студенттiк сүйiктi қалама айналады деп кiм ойлапты?!

shangai kz 1

Алғашқы аттаныс

Мектеп бiтiрген соң бағым жанып, шетелде бiлiм алу мүмкiндiгiн иелендiм. Мен бiрден Қытайдың оқу орнын таңдадым. Сол тұста «Шанхай қаласында Қазақстанның консулдығы ашылды, бiрақ ондағы қазақтардың саны саусақпен санарлықтай екен», – деген хабар алдық. «Әйгiлi қалада жаппай бiлiм алатын алғашқы қазақтардың бiрi боламыз», – деп  бiз Шанхайға бет алдық. Шынында да, сол 2005 жылы қазақстандық ұландар Қытай жерiне көптеп аттандық.

Шанхайдың өте ауқымды, әлемдiк деңгейде озық дамыған қалалардың бiрi екенiн бiлсем де, бұрынғы оқулық беттерiндегi шаршаған шаһар бейнесi көз алдыма келiп, жол бойы көңiлсiз отырған едiм... Ұшақ Шанхайға қонып, әуежайдан шығуым сол екен, қа­ланың ғажайып көрiнiстерiн тамашалап, аң-таң болдым да қалдым.

Бiздi тосып тұрған автобусқа мiнген соң, күтiп алған алғашқы қытай ұстазымыз алып қаламен қысқаша таныстырып өттi. Шанхай әлемнiң үшiншi қаласы екен. Қытайдың қаржы және экономикалық орталығы көрiнедi. Оның әңгiмесiнен мұндағы тiршiлiк ететiн адамдардың саны өз мемлекетiмiздiн тұрғын­дарынан едәуiр көп екенiн байқадық. Ұстазымыз Шанхайдың басқа да толып жатқан кереметтерi мен ерекшелiктерi туралы айтты. Осының бәрiн баяндап болған апайымыз бiзге бiлiм алатын оқу орнымызға келгенiмiздi хабарлады.

Бiр университет аумағында бiрнеше шағын әсем саябақ, су жаңа спорт алаңдары, әрқайсысы өз атауын иеленген бiрнеше көлiк жолдары бар екен. Дәл ортасында Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзе Дунның алып ескерткiшi орналасқан.

Оқу орнының шетелдiктерге арналған  қонақ үй тектес жатақханалары да бар көрiнедi. Осының бәрi, яғни, университетпен алғашқы таныстығымыз бiзге естен кетпестей әсер қалдырды.

Ұғысу мен жұғысу

Қаланы зерттеудi бiз алдымен жергiлiктi халықпен танысудан бастадық. Шаһарды аралау кезiндегi бiзге алғаш тiл қатқандар сондағы саудагерлер мен такси жүргiзушiлерi едi. Не алатынымызды, қайда бара­тынымызды түсiндiруге тырысамыз. Тiлiмiздi икемге келтiрiп, сөздiктен жаттаған бiр-екi ауыз сөзiмiздi сон­ша тырысып айтсақ та, бұлармен бiрден тiл табыса кету оңайға соқпады.

Сөйтсек, Қытайдың әр провинциясы мен қалаларында бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайтын алуан түрлi диалектiлер болады екен. Жастайынан сол диалект бойынша сөйлеп үйренiп қалған жергiлiктi тұрғындарға баршаға ортақ «путонхуа» атты таза қытай тiлiнде анығырақ сөйлемесең, сенi мүлдем ұқпайды. Бiздiң шетелдiк акцентiмiз де бұлармен еркiн түсiнiсуге кедергi келтiредi.

Бiрақ осыған қарамастан, қайда барсаң да шетелдiк екенiмiздi байқап, жылы жүзбен қарсы алады. Қытайлықтар – жалпы еңбекшiл халық. Таң атқаннан күн батқанға дейiн тынымсыз тiршiлiк етедi. Бос уақыт қалдырмауға, өмiрлерiнiң әр минутын тиiмсiз өткiзбеуге тырысады. Артық уақыт бола қалған жағдайда спорт алаңдарына барып, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды немесе кiтапханаларға барып, бiлiмдерiн жетiлдiредi. Әйтеуiр бос жүргендерiн көре қоймайсың.

Қала көрiнiстерiне келейiк. Шанхай – нағыз XXI ғасырға сай, жоғарғы сатыда дамыған, болашақтың қаласы. Қандай да бiр тәжiрибелi турист болсаң да, мұнаралар мен зәулiм ғимараттарға, жиырма миллион халықты паналатып отырған, тоқтаусыз тiршiлiкке толы қала iшiнде оп-оңай адасып кетесiң.

Қала iшi күнi-түнi қозғалыста. Бiрнеше сатылы аспалы жол магистральдарының үстi қашан да көлiктен босамайды. Қытайлықтардың күндiз көп мiнетiн көлiгi – велосипед пен мотороллер.

Шанхайда адам саны да, бәсекелестiк те көп. Жер­гiлiктi халықтың басым бөлiгi – қарапайым қызметкер­лер. Сондықтан да бұлардың мүмкiндiгi тек арзан әрi үнемдi, көп орын алмайтын көлiк иеленуге ғана жетедi.  Ал бұл қалада автокөлiк мiнетiндер – көбiнесе  өкiмет органдарында, әкiмшiлiкте қызмет iстейтiндер. Беделдi орындар иелерi секiлдi бизнеспен айналысатындар да автокөлiкпен жүйткидi. Бiрақ, қарапайым халықтың арасында да жеке автокөлiк иелерi бар. 

Олар көбiнесе  басқаларға таксист ретiнде жалданып, жүргiзушiлiкпен нан табады. Сондай таксистердi жалдап, бiздiң алғаш тамашалаған жерлерiмiздiң бiрi —  Шанхайдағы аса көркем,  жаңадан салынған Пудонг ауданы. Сөйтiп, бiрте-бiрте тiлдiк қорымыз молайып, халықпен ұғыса, соның арқасында елмен жұғыса бастадық.

shangai kz 2

Маңызды мұражай, сәулеттi саябақ

Қала iшiмен өтетiн Хуангпу өзенiнiң арғы жағасын­да орналасқан осы жалғыз ауданды жергiлiктi халық «Жаңа Шанхай» деп атайды. Себебi, мұндағы құры­лыстар, сауда орындары, мәдени орталықтардың бәрi жаңадан салынған. Бұл аудан басқаларға қарағанда озығырақ дамыған болып саналады. Мұнда Қытайдағы ең iрi мұражайлардың бiрi – Ғылым және техноло­гиялар мұражайы орналасқан. Оның iшiнде әлемдегi ең үлкен кинотеатр жүйесi бар. Бұл үлкен мұражай төрт қабаттан тұрады.

Жер шарының даму тарихынан бас­тап, хайтек технологияларына дейiн таныстырылатын осы мұражайды жәй ғана қызықтап қайтуға толық бiр күн кетедi. Ал егер де әр экспонат, әр көрме  жайында толығырақ мәлiмет алам десеңiз, мұнда бiрнеше күн қатарынан келуге мәжбүр боласыз.

Бұл мұражайдың жанында Қытай жерiндегi ең үлкен демалыс орындарының бiрi – «Шыджи гоңюань» деген өте ауқымды, аса көркем саябақ бар. «Шыджи гоңюань» қытай тiлiнен аударғанда «Ғасыр саябағы» деген мағынаны бiлдiредi. Сол саябақта жыл сайын бiрнеше мыңдаған көрерменнiң басын қосатын гүл, фейерверк фестивальдерi өткiзiлiп тұрады. Мұндай фестивальдердi тамашалауға елдiң түкпiр-түкпiрiнен арнайы келушiлер саны аз емес.

Саябақтың үлкендiгi соншалық, оны жаяу аралап шығуға күндiзгi бар уақытың толығымен кетедi. Сондықтан бұл мәселенi шешу жолдары да көзделген. Кiре берiсте велосипед­тердi жалға беретiн бiрнеше бекет орналасқан.  Мұнда жұп болып немесе отбасымен келгендерге арналған көлiктер бар. Мысалы, екi, үш, тiптi бес орындық велосипедтердi жалға алуға болады. Бұл саябақ – Шанхайда оқитын қазақ студенттерiнiң жиi келiп, демалып тұратын жерi. 

Жалпы, осы Пудонг ауданында әлемге әйгiлi биiк ғимараттар мен мұнаралар орналасқан. Солардың арасындағы ең көркем, әрi танымалы – «Шығыс маржаны» деп аталатын Азиядағы ең биiк телевизиялық мұнара. Оның биiгiнде айналмалы мейрамхана, төменгi бөлiгiнде шағын ұлттық мұражай орналасқан.

Биiктiгi 400 метрден асатын мұнараның төбесiнен қаланың көркiн еркiн тамашалауға болады. Бұл мұнарадан қарағанда ең бiрiншi көзге iлiнетiнi – қарама-қарсы орналасқан, Хуангпудың арғы жағымен iргелес «Вайтан» жағалауы. 

Пудонгтан «Вайтанға» және керi қарай арнайы кемелер, қайықтар жүредi. Жолаушылар көпiр немесе  су астынан салынған, автокөлiктерге арналған туннель арқылы өте алады. Бұл туннельдiң ұзындығы соншалық, әдепкi кезде бiз арғы шетке жеткенше қысымға шыдамай, үстiмiздi су басып кетпесе екен деп үрейленiп отыратын едiк.  

«Вайтанның» бойын тамашалауға келетiндердiң көбiсi – туристер.  Мұнда көптеген ойын-сауық орта­лық­тары мен неше түрлi мейрамханалар бар. Жағажайда кемеге мiнгiзiп, өзен бойымен шағын саяхат ұйымдас­тыратын бiрнеше бекет қоныс тепкен. Түрлi-түстi шамдармен безендiрiлген бұл аллеялар көздiң жауын алады. Осының бәрi «Вайтаннан»  басталып, қаланың орталығы  болып саналатын  «Ренмин гуаңчаңға» дейiн созылады. «Ренмин гуаңчаң» қытай тiлiнен аударғанда «Халықтар алаңы» деген мағынаны бiлдiредi. 

Бұл жер кешкi мезгiлде үлкен ойын-сауық орнына айналса, күндiз қаланың ең iрi сауда, бизнес және мәдениет орталығы қызметiн атқарады. Мұнда әлемге белгiлi көптеген мұражайлар, театрлар бар.

Шанхайға ТМД елдерiнен келiп-кететiн туристер мен жергiлiктi халық «Ренмин гуаңчаңдағы» әйгiлi мейрамханаға жиi бас сұғады. Өйткенi, қаладағы жалғыз орыс мейрамханасы осы алаңда орналасқан.

Қытайда орыс мейрамхана­сының өзi ыстық көрiнедi. Әр мейрамда, қуанышты күн­дерiмiзде бәрiмiз осында жиналып, бiрге көңiл көтеремiз. Өзiмiзбен көршiлес елдерден келгендер арасынан жаңа таныстар тауып жатамыз. Жалпы, бұл мейрамханаға Шанхайда оқып жатқан студенттер ғана емес, қызмет iстеп жүрген әр түрлi деңгейдегi мамандар да, тiптi елшiлiк пен консулдықтың дипломаттары да жиi келiп тұрады...

Құпиясы көп, жұмбағы жетерлiк Қытайда оқыған сегіз жыл мен қызмет істеген үш жылдың жылдың iшiнде көрген-бiлгенiм, бастан кешкенiм аз емес. Шанхайдың қай мүйiсiнде жүрсем де, бiр кезде бұл елдi мекендi Қызылорданың бiр ауылы шығар деп ойлағаным есiмнен кетпейдi. Сөйтсем, Қызылорда түгiлi, бүкiл Қазақстанның халқы еркiн сыйып кететiн алып мегаполис екен. Шанхай – шыңдарын көкке шаншыған әлемнiң ең әдемi қалаларының бiрi. Осы қалада оқығанымды өз басым мақтан етем.

 

Дәурен ОМАРОВ

Автор:
Дәурен ОМАРОВ

Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетінің докторанты, қытайтанушы, журналист

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

Свежие материалы автора: