Қыз-қырқын әдетте бойы ұзын жігіттерді жақсы көреді. Біреумен танысқысы келсе, алдымен «Бойы ұзын ба өзі?» деп қиыла сұрайтыны жасырын емес. Ежелден қалыптасқан қағида бар. Ұзын бойлы жігітке орта бойлы қыз керек. Егер бойдың биіктігі жігіттіктің өлшемі болса, бүгін нағыз жігіттер туралы әңгімелемекпіз.
Үш метр түрік, екі жарым метр шешен
Алып адамдар тек ертегілер мен мифтік аңыздардың ғана нысанасы емес екен. Адамзат тарихындағы әлемнің аса ұзын кісілері жөніндегі мәліметті тіркеушілер тізімнің басын түркиялық шаруа Гузканнан бастайды. Ел оған 1961 жылы ғана назар аударған. Гузканның әр қадамы екі метрге жуық болыпты. Бір жаққа асықса, сағатына он шақырым жерді өндіріп жүріп тастайтын көрінеді. Ал енді оның бойы 2 метр 95 сантиметр болған. Екінші орындағы қытайлық Чанг Джао Тайдың бойы – 2,88. Үшінші орынды ресейлік Федор Махнов иеленеді. Оның бойының биіктігі – 2,85. Германиялық неміс Краудың бойы – 2,75.
1918 жылы туып, 1940 жылы қайтыс болған америкалық Роберт Першинг Уэдлоудың бойы – 2,72.
Одан кейінгі 2 метр 63 сантиметрге дейінгі қатар тұрған үш орынның бәрі де АҚШ-тың үлесінде.
Алыптардың ең төменгі көрсеткіші болып есептелетін 2 метр 16 сантиметрге дейін 366 адамның тізімі берілген. Қазақстанда ғұмыр кешкен, бойы 2 метр 36 сантиметр әйгілі баскетболшы, шешен жігіті Уәйс Ақтаевтың өзі бұл тізімде 67-ші болып тұр.
Бүгінгі ұзын жігіттердің ішінде көп насихатталып жүргені – түрік Сұлтан Кесен. Оның бойы – 2,51.
Әлемдегі ең ұзын орыс Федор Махнов 1878 жылы туып, 1912 жылы қайтыс болған.
Федор тамақтанған кезінде мезгіліне он бес – жиырма жұмыртқадан жеген. Әр ішкенде екі-үш тәрелке тамақ ішкен. Өзінен 70 см аласа әйелі оған бес бала тауып беріпті. Бірақ олардың ешқайсысының бойы екі метрден аспапты. Кейін өмірден өткен соң Федордың скелетіне қызыққандар немерелерімен саудаласып, жүргізбейді екен. Ал жоғарыда аты аталған америкалық Роберт Першинг Уэдлоу 1940 жылы қайтыс болғанда қоштасу рәсіміне жиырма жеті мың адам жиналыпты. Бұлардың бәрі де елдің құрметіне бөленген.
Атақты баскетболшы, шешен жігіті Уәйс Ақтаевты қырқыншы-елуінші жылдар оқиғаларының куәгері болған алматылықтар жақсы біледі.
Ол 14 жасында отандастарымен бірге Орталық Азияға күштеп жер аударылған. Содан Қазақстанға келіп қоныс тепкен. Қарағандыдағы физкультура техникумында оқыған. Жер аударылғанына байланысты додаға көпке дейін еркін кіре алмаған. Өйткені, сыртқа көп шығуына тиым салынған. Өзі жастай қант диабеті ауруына шалдыққан. Кейін үйленіп, Грозныйға кетеді. Шешесі аласа бойлы, толық әйел болыпты. Ұлының бірде-бір ойынын қалт жібермейтін көрінеді. Тек әйгілі баскетболшыға шақ келетін спорт киімі оңайлықпен табылмайды екен. Уәйс Ақтаев 1930 жылы туып, 1980 жылы қайтыс болған. Грозныйда жерленген деседі.
Екі жарым метрге жуық бойы бар Уәйс өмірінде тауқыметті көп көріпті. Бұл алып адам жөніндегі аңыз дегенің жетіп артылады.
Бір аңызда, оны 1956 жылғы олимпиадалық ойындарға ұлтына бола қатыстырмаған делінеді. Әйтпесе, қатысу мүмкіндігі болыпты деседі. Бірақ ол КСРО құрамасының сапында ешқашан болмаған. Уәйстің ауыр атлетикамен айналысқан досы Ваха Эсембаевтың естелігіне сүйенсек, Лаврентий Берия тікелей осы мәселемен айналысыпты. «Фамилиясын Копелевич деп өзгертсін, сонда олимпиадаға жібереміз», – депті-міс талайды қан қақсатқан Ләкеңнің өзі. Әрине, бойы көк тіреген өр мінез шешен жігіті мұндай ұсыныстан бас тартқан.
Ұзындар мен ұлылар
Ұзындық жағынан қыз-қырқын да жігіт-желеңнен қалысқан емес. Адамзат тарихындағы ең ұзын әйел – қытайлық Лю Ю-цзин. Ол 1920 жылы туған, қайтыс болған жылы белгісіз. Бойының биіктігі 2 м 80 см болған. Одан соңғы орынды голландиялық Тринти Кивер (2, 55) иеленген. Кивер 1616 жылы туып, 1633 жылы өмірден озған. Ал әлем тарихындағы ең ұзын орыс әйел — Елизавета Лыско. Ол 1877 жылы туған. Қайтқан жылы белгісіз. Бойының биіктігі 2 м 27 см болыпты. Әлемнің ұзын адамдарын тіркеушілер бойының биіктігі екі метрден асатын екі жүзден астам әйелдің салақұлаш тізімін ұсынады. Ішінде Өзбекстанда тұратын орыс келіншектер де жүр.
Тарихқа көз жіберсек, ірі мемлекет қайраткерлерінің ішінде де алыптары аз емес екенін аңғарамыз. Ресей патшасы I Петрдің (1672-1725) бойы 2 метр 8 сантиметр, Римнің 235-238 жылдардағы императоры Максимин Фракиецтің бойы 2 метр 40 сантиметр, Францияның аса көрнекті мемлекет қайраткері, осы елдің 1959-1969 жылдардағы президенті Шарль де Голльдің (1890-1970) бойы 1 метр 98 сантиметр болған. Ал АҚШ-тың 1861-1865 жылдардағы президенті Авраам Линкольннің бойы 1 метр 93 сантиметр екен. 1865 жылы 14 сәуірде Вашингтондағы «Фора» театрында спектакль көріп отырған жерінде оққа ұшқан ол – АҚШ-тың бүкіл тарихындағы ең ұзын президент.
Алақаны – 31, аяқ киімі – 64!
Әрине, бұлардың көбісі өткен тарихтың еншісіндегі адамдар. Ал енді осы заманғы әлемнің ең ұзын адамы кім? Кейінгі уақытқа дейін қытайлық Бао Сишунь ең ұзын деп есептелген болса, кейін украиналық Леонид Стадниктің аты озды. Леонидтің осы арқылы «Гиннестің рекордтар кітабына кіргенін Би-би-си радиосы былтыр хабарлады. Бойының ұзындығы 2 метр 57 сантиметр. Бао Сишунның бойы 2 метр 36 сантиметр болатын.
Сишунға дейін жер шарындағы ең ұзын адам Тунистің тұрғыны Радхуан Чарбиб саналып келді. Ол қытай жігітінен бар-жоғы 2 миллиметрге аласа еді. Стадник көпке дейін ресми түрде мойындалмай келді. Өйткені діни танымы мықты жігіт біразға дейін Гиннес кітабының өкілдеріне бойын өлшеп көруге рұқсат бермепті. Қазақтар да «Бойыңды өлшеме, жаман болады» демей ме? Леонид жас кезінде соншалықты ұзын бала болмапты. Ата-анасы да орта бойлы кісілер екен. Он төрт жасында миына операция жасатыпты. Содан гипофизіне зақым келген болуы керек. Аяқ астынан бойы ұзара бастаған. Мамандығы – мал дәрігері. Аяғына 64 размерлі бәтеңке киеді. Сол аяқ киімнің өзі оңайлықпен табыла қоймай, қыста аяғын үсітіп алыпты.
Өзі Киевтен 200 шақырым жерде Житомир облысына қарасты бір ауылда тұрады. Үйдің малына қарайды. Соңғы оншақты жылда бой жағынан әлем рекордшыларының бәрін қуып жетті.
Үнемі бүгіліп жүреді. Есіктен екі бүктеліп кіреді. Үйінің ескі бөлігінің биіктігі – 2 метр 20 сантиметр. Ал жаңа бөлігі – 2 метр 60 см. Әлемдегі ең ұзын қол да соныкі. Алақанының ұзындығы – 31 сантиметр. Арақ мен темекіні ауызға алмайды. Тіпті, сыраны да татып көрмеген. Сірә, сонысы оңды болған. Құдай-ай, ана боймен арақ ішсе, не болар еді?! Жасынан спортпен айналысқан. Мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірген. Мал дәрігері бола тұра мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Себебі, сиырлар одан өлердей қорыққан.
Леонид әлемді шарлауды армандапты. Бірақ ешқайда шыға алмаған. Тіпті Мәскеуді де көрмеген.
Былай-былай шығайын десе, жеңіл машина түгілі автобусқа да сыймайды. Сондықтан ылғи да арбамен жүреді. Салмағы – 200 килограмм. Жолдастары ұялы телефон сатып алып берген екен, добалдай саусақтарымен тетіктерін баса алмаған соң, өздеріне қайтарып беріпті.
Бойының ұзындығына бола оны украиналық саясатшылар президенттікке кандидаттарды насихаттау жұмысына пайдаланғысы келіпті. Алып жігітке жарнама көтертіп жүргісі келген. Бұл «Саясат менің не теңім?» – деп бас тартыпты. Шешесі Галина Павловнаның бойы – бір жарым метр ғана. Кемпір байғұстың есіл-дерті – келін түсіру. Бірақ баласы үйленбей-ақ кетті.
Леонидтің керуеті екі керуеттен қосып жасалған. Жұдырығы бокс қолғабынан үлкен.
Ал жігіттің өзі аса жуан емес. Украина алыпқа 30 доллар мөлшерінде жәрдемақы төлейді. Осыдан он жыл бұрын ол Украинаның сол кездегі президенті Виктор Ющенкомен клиникалық ауруханада кездесіпті. Екеуі де емделіп жүргенде жолыққан. Ющенко да онымен кездесуге ынтазар болып жүр екен. Президент Леонидтің жағдайын сұрап, қамқорлыққа алуға уәде беріпті. Және уәдесінде тұрған көрінеді. Шешесінің де ауыратын аяғын емдетіп беріпті. Сырқатынан әбден зардап шеккен Леонид 2014 жылы қайтыс болған. Ол дүние салған соң түрік жігіті Сұлтан Кесен әлемдегі ең биік адам мәртебесін иеленді.
Қарағайдай қазақтар
Зерттеушілер әлемдегі ең ұзын адамдары көп ел ретінде Нидерландияны атайды. Бұл елдегілердің бойының орташа ұзындығы – 1 метр 80 сантиметр. Голланд әйелдерінің бойының орташа биіктігі – 168 сантиметр. Ал көпшілігіміз қытайларды аласа бойлы көреміз. Олай емес екен. Ең ұзын ерлердің тізімінде екінші болып, ал әйелдер арасында көш бастап тұрған солар.
Біздің қазақ та негізінен бойшаң халық. Ең ұзын қазақтың бірі – тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің бойы – 2 метр 7 сантиметр.
Қаныш Сәтбаевтың бойының ұзындығына таң қалған шетелдіктер «Қазақтардың бәрі сіздей ме?» дегенде атақты академиктің «Менің халқым менен де биік» әрі тура, әрі ауыспалы мағынада жауап бергені туралы әңгіме елдің есінде шығар. Қазақ елінің басшысы болған Дінмұхаммед Қонаевтың Кремль қабырғасында тұрған көсемдердің бәрінен де биік көрінетінін ешкім де ұмытқан жоқ. Мұның бәрі жарасымды.
Қазақ халқының бойы да, ойы да биік екенін дәлелдеген басқа да қандастарымыз жетерлік. Әрине, бойдың ұзын болғаны жақсы-ақ. Бірақ бойы шамадан тыс биіктеп кеткен адамдар өзін қолайсыз сезінетіні тағы бар. Есікке үнемі басын ұрып алады. «Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді» дейді қазақ мұндайда.
Тақырыптың тұздығы:
Екі суайт әңгімелесіп тұр.
– Менің әкем өте ұзын болған. Төбесі көкке сәл жетпей тұрады екен, – дейді бірі.
– Сонда сенің әкеңнің басына бірдеңе тиіп тұрмайтын ба еді? – деп сұрайды екіншісі. Бұлтты айтып тұрған шығар деп ойлаған бірінші суайт:
– Иә, иә, тигенде қандай! – дей беріпті.
Сонда анау:
– Ойбай-ау, ол менің әкемнің шапанының етегі ғой, – деген екен....