«Астрологиялық болжам», «жұлдызнама» немесе «жұлдыз-жорамал» деген тақырыптармен Сізді алдағы аптада нендей маңызды нәрселер күтіп тұрғандығына «жазмыштық» жоба жасап, бал ашып беру баспасөздің үрдісіне енгелі біраз болды. Біз ондай эзотериялық «құмалақшылықтың» әңгімесі расқа айналуы жайында емес, Зодиак шоқжұлдыздарының қазақша қалай аталып жүргендігі жөнінде сөз сабақтаймыз.
Сонымен, қазіргі қолданысымызда – зодиактық он екі шоқжұлдыздың аудармадан шыққан орысша-қазақша айтылуы шамамен былай болып келеді: Овен – Тоқты, Телец – Торпақ, Близнецы – Егіздер, Рак – Шаян, Лев – Арыстан, Дева – Бикеш, Весы – Таразы, Скорпион – Сарышаян (немесе Бүйі), Стрелец – Мерген, Козерог – Ешкімүйіз (немесе Тауешкі), Водолей – Суқұйғыш (немесе Суқұюшы), Рыбы – Балықтар (бұлардың әрбірінің бағзыдан келе жатқан латынша, грекше, еврейше, арабша, парсыша аттары да бар екендігі белгілі).
Осы арада бірден ашық айтқан абзал: тіл тұрғысынан қарағанда, орысша шоқжұлдыз аттарының көнелігі көзге басылады және мұның өзі Ресейдегі астрономиялық таным-түсініктердің тарихын ежелгі славян дәуірлерінен тамыр тартқызады.
Ал қазақ тіліндегі тәржіма «нұсқалар» біздің ғалам, ғарыш төңірегіндегі білімімізді кенжелетіп, кейіндетіп көрсетіп, бөгделердің көлеңкесінде қалдырып қойған. Шынына келгенде, табиғатпен етене түркілер өздері табынған Көк жүзіндегі жаратындыларға ен салып, белгі соғып, ат айыру мәселесінде сырттан ақыл сұрамаған.
Бұл – біз тапқан жаңалық емес. Өз уақытында – марқұм, талантты ғалым Мыңбай Исқақов «Халық календары» атты құнды кітабының 1980 жылы жарық көрген екінші басылымында мұның жай-жапсарын көрнекілеп жазып кеткен. Ол түрлі дерек, дәйек негіздеріне жүгініп, ұтырлы ұсыныс жасаған.
М.Исқақов ең алдымен арқа сүйейтін ХІ ғасыр ойшылы Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтадғу білік» атты поэтикалық трактатында Зодиак шоқжұлдыздарын көне түркіше көрсетіпті, олар: Қозы, Уд, Ерентүз, Қучық, Арыслан, Бұғдай башы, Үлгү, Чадан, Йа, Оғлақ, Көнек, Балық.
Ал біз Ташкент қаласында қазақтың қабырғалы қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының басқаруымен жарық көрген «Ақ жол» газетінің 1922 жылғы 163-санынан «Тана» деген бүркеншек есімді автордың «Қазақ-қырғыз календары туралы» атты мақаласын тауып, онан әлгі шоқжұлдыздардың мынадай қазақша аттарын ұшыраттық: Қозы, Өгіз, Ай меңді қара қой, Бақа, Арыстан, Егіннің басы, Таразы, Шаян, Шегеру белгісі, Лақ, Қауға, Балық.
Көріп отырсыз: арада мың жылдық мезгіл жатқанына қарамастан, үлкен сәйкестік сезіледі. Мысалы, екі жақтағы «Қозы», «Арыстан», «Балық» (қазіргідей көпше түрде «Балықтар» деу дұрыс емес) атауларында айырма жоқ. «Лақ» пен «Оғлақ», «Шаян» мен «Чадан» – бір. «Қауға» – «Көнекке» туыс (мал терісінен жасалатын су құятын ыдыстар). «Бұғдай башы», сөз жоқ, «Егіннің басына» жақын.
Енді Зодиак шоқжұлдыздарының әрбірінің атын сарапқа салып, қазіргі қолданыстағысымен салыстырып қарайық.
Әрдайым жылдың басы – Қозы шоқжұлдызы. Біз оны «Тоқты» деп жаңылысып жүрміз. Тіпті аталған шоқжұлдыздың арабша аты – «Хамал» сөзінің қазақша мағынасы да «Қозы» дегенді білдіреді.
«Телецтің» «Торпақ» деген жалған тәржімасын әрі тастап, көне түркіше Үді, ал «Егіздердің» («Близнецы») орнын Ерентүз басқаны жөн, өйткені «Ай меңді қара қой» – тым шұбалаңқы.
Орысшадағы «Рак» пен «Скорпион» шоқжұлдыздарын тиісінше Қушық және Шаян деп айтқанымыз дұрыс па деймін. Сөйтсек, «Шаян», «Сарышаян» деп «жаңылтпаштауды» доғарамыз, «Бүйі» деген «қорқыныштылау» аттан құтыламыз. Әлбетте, «Ақ жолдың» мақаласындағы «Қушыққа» сәйкесіп тұрған «Бақа» атауы олардың қай-қайсысының да су жәндігін меңзейтін тектестігін айғақтайды.
«Егіннің басы» дегеннен гөрі, Бидай басы – әдемі әрі әсерлі. Бір жағы, атам қазақтың ат жалы, түйе қомында көшпелі күн кешіп қана қоймай, сонымен қатар су жайлап, соқа айдап, тұқым сепкенінен – отырықшылық тұрмысынан да хабардар етеді. Сонда орыстың «Девасын» төркініне қайтарамыз, аудармадан пайда болған – санда бар, санатта жоқ «Бикешті» ұмытамыз.
«Весы»-ды тікелей аударудан туса да, «Таразы» аты құлаққа жалпы жаман естілмейді. Әйткенмен, ол – парсы сөзі. Сондықтан бір ыңғайлы болу үшін көне түркіше Өлкі (қазіргі айтылуы – Үлгі) сөзін пайдаланған көңілге қонымды көрінеді; оның да мағынасы сол – «өлшейтін құрал».
«Стрелец-Мергеннің» көне түркішесі – Йа. Яғни «жақ», «жай» (садақ, садақтың оғы) мағынасын меңзесе керек. Бірақ бүгінгі қолданысқа біртүрлі. Сол себепті бұл ретте Сұрмерген дегеннен артығы жоқ. Ол да – көне сөз. Бұл аттас ескі қазақ ертегісі және бар.
«Козерог» шоқжұлдызын «Ешкімүйіз» деп төтесінен тәржімалау немесе «Тауешкі» деп балама таңу да тапқырлықты танытпайды. Осы арада көне түркіден келген Ұғылақ сөзі түйінді бірден шешіп береді деген ойдамыз десек, Арыстан, Балық шоқжұлдыздарының аттары сол күйлерін сақтағаны жөн.
Құлағыңа тіпті түрпідей тиетін аударма сөз – «Суқұйғыш», яғни «Водолейдің» қазақшасы. Ыждаһат етсек, онан да арылу қиын емес секілді. Бұған қазақтың «Көнек» деген сөзі өз-өзінен сұранып тұр.
Сөйтіп, саралап, сұрыптап шыққанда, Зодиак шоқжұлдыздары көне түркіше төмендегідей тізбектеледі: Қозы (Овен), Үді (Телец), Ерентүз (Близнецы), Қушық (Рак), Арыстан (Лев), Бидай басы (Дева), Өлкі (Весы), Шаян (Скорпион), Сұрмерген (Стрелец), Ұғылақ (Козерог), Көнек (Водолей), Балық (Рыбы).
Әуелде ай аттарын қазақша жазуға көшкен уақытта январьды – қаңтар, февральды – ақпан... дей алмай, қиналғандар аз болмағаны есімізде. Бірте-бірте бой үйретіп кеттік қой. Сол сияқты бұл жолы да қалыптасып кететініміз хақ.
Бұл жағдайда біз не нәрседен ұтамыз?
Жауапты М.Исқақовтың кешегі кеңес заманында айтылған, бірақ өткірлігін, өзектілігін титтей де жоймаған мына сөздерімен берелік: «Ұтарымыз көп. Заңды ескі мұрамызды кәдеге жаратып пайдаланып, қазіргі қазақ тілін байытатынымызды былай қойғанда, біз көне мәдениетті ел болып көрінеміз де, халқымыздың халықаралық беделін көтереміз. Ғылымымыз бен мәдениетіміздің тарихын қазіргі айтылып жүрген уақыттан 1000-1500 жыл бұрын бастауға мүмкіндік аламыз».
Бұған алып-қосар уәжіміз жоқ. Тек бір-екі тілек қана бар:
біріншіден, түрлі энциклопедиялық сөздіктердің болашақ басылымдарында Зодиак шоқжұлдыздарының аттарына тиісті түзетулер енгізілсе, құба-құп болар еді;
екіншіден, қазақтың мерзімді басылым редакцияларында отырған қаламгерлеріміз астрологиялық болжам бұрыштарын ұйымдастырғанда, әлгі ұсыныстарды қаперінде ұстаса дейміз.