Жаңалық ашамын деп жанталасып, өмірдің бар қызығынан қалып қойып жүрген жоқ па?
Осы күні әйелдің атауы көп. Қыз күнінде «жаным» деген сөзді көп естігендер есейе келе «ханым» дегенге құлақ үйретеді. Күйеуінің қызметіне орай қалың елдегі қаптаған ханымдарды шетінен нөмірлей бастадық. Шетелдік терминдерге әуестігіміз соншалық, қазір сол төмен етектілерге анықтауыш болатын «леди» деген ұғымнан көз ашпайтын болдық.
Ағылшыншадан аударғанда «нан илейтін әйел» деген ұғымды береді. Ал қазақы ұғымға салсақ, қазіргі мағынасы «нан табатын әйел» дегенді аңғартады. Айналып келгенде «бірдеңе бітіріп жүрген әйел» деген түсінікті танытатын сол «ледиіңіздің» бүгінде түр-түрі көп. Әйел атына «ледиді» қосып айтпасақ, ас батпайды. Ер-азаматпен қабаттасып, биліктің биік бұтақтарына өрмелеген әйелді «лидер-леди» дейміз. Кәсіпкерлікке бейімделген, жұмыртқадан жүн қырқа алатын малтапқыш әйелді «бизнес-леди» деп атаймыз. Қалтасы қалың мекемелерде шіренген шенеуніктерге шай-су апарып беріп, аңқасы кепкен азаматтың шөлі қанғанша кабинетіне ыдыс-аяқ тасып жүретін «кофе-леди» деген кәсіп иесі де бар. Сонымен қатар біздің қоғамымызда бірді-бірге шағыстырмаса, ішкені ас болмайтын, ұжымды шыжымдап тастайтын «өсек-леди» де, ауқаттыларға көзін сүзіп, несібесін нәпсіден тауып жүрген «төсек-леди» де бар.
Біздің бүгінгі әңгімеміз ғылыммен айналысатын әйелдер жөнінде. Шын ғалымдарға топырақ шашудан аулақпыз, ғылыммен айналысатын «ледилердің» көпшілігінің жазған дүниесі көди-сөди секілді көрінеді.
Әрине, еңбектенген саласы бойынша жаңалық ашып, ел құрметіне бөленген әпкелеріміз бен қарындастарымыз баршылық. Бүкіл қазақ жұрты танитын академиктер Әлия Бейсенова, Рәбиға Сыздықова, Ажар Жұбанова, профессорлар Алма Қыраубаева, Айгүл Исмақова және басқалар ғылымға көп үлес қосты. Бұларды ел-жұрт сондай-ақ отбасының да тіршілігін қатар ұстаған, өнегелі кісілер ретінде біледі.
Ғылым – негізінен өте талантты әйелдің қолы. Талант қай кезде де биікке алып шығады. Отбасың болса да, болмаса да, ол сені тыныш жатқызбайды. Талантың болса, сен жаңалық ашпайсың, жаңалық сені ашады. Сондықтан тек қана ғылыммен айналысам деп, өзіңді отбасын құрудан аулақтату – бекер нәрсе. Аса қабілетті болсаң ғана әрі отбасын аялап, әрі кітапханада кітап кеміріп, лабораторияда күн-түні эксперимент жасап, ғылыми жаңалық аша аласың. Бірақ бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал талант болмаған жағдайда оның орнын өлермендік ауыстырады. «Қайтсем де қорғаймын!» деген жанталастың соңы диссертация қорғаумен аяқталғанымен ол ғылымға қосылған жаңалық болып есептелмейді. Қазір ғылымда әйелдер еркектерден әлдеқайда көп. Бірақ солардың қайсысы жаңалық ашып қарық қылып жатыр?
Мысалы, қазіргі кейбір қарындастарымыз «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелдің не жел туралы, не шөп туралы емес екенін «дәлелдеу» үшін кандидаттық диссертация жазады.
Ғылыммен айналысам деп, тұрмысқа шықпай қалған қазақ қызының қасіреті тіпті бөлек. Диссертация қызметіңе сүйеу болғанмен өзіңе күйеу болмайды. «Ойбай, ойбай, бола берсін көп мейлі...», – деген Мұқағали ғылымдағы әйелдер туралы айтпаған. Әйелдің қоғамдағы негізгі міндеті қаптаған ғалымдар мен ғалымшалардың санын көбейту емес, шаңырақ көтеріп, бала өсіру емес пе еді...
Бұған әрине өздігінен барып сүйіктісіне сезімін ақтара алмайтын қазақ қыздары кінәлі емес. Бірақ бар уақытты шегендеп, өнбейтін іске жіпсіз байлайтын қазіргі ғылыми еңбек қорғау жүйесі бойжеткендеріміздің оң жақта отырып қалуына аз ықпалын тигізіп жатқан жоқ.
Сондықтан біздің қоғамдағы әйелдің өмірдегі ең жақсы «ғылыми жетістігі» – отбасын құру, ең үздік «ғылыми жаңалығы» – бала туу, ең сәтті «қорғауға ұсынатын тұжырымы» – сол баланың тәрбиесі болса екен демекпіз.