Күн дидарлы Қазақстан немесе «32» санының құпиясы

Қазақстанның Мемлекеттік Туына мұқияттап қарасаңыз, назар аударатын бір жайт бар. Ол – бұл қасиетті байрақтағы КҮН бейнесінің 32 шапақтан тұратындығы.

Мұның себебі неде? Рәміз авторының қалауымен болған нәрсе ме, әлде ол цифрдың арғы жақтағы астарында бізге белгісіз бір заңдылық жатыр ма? Әу баста көңіл бөлмеген осы бір тылсымы мол түйткілге кездейсоқ та қызықты, кенет те күтпеген деректерге ұшыраса бастағанда ғана ойымыз арбалды. Ұзақ уақыт бойына бірте-бірте жинақталған сол мағлұматтарды саралап-сараптағанда, қайран қалдыратын сәйкестіктер мен сонылықтарға табан тіредік.

Саглаттан Саглыға дейін

Шумерлер мен аккадтардың жерұйығы – Дильмун туралы месопотамиялықтардың эпикалық жырларының талай тұсында сөз толғанып, ол бақуатты, берекелі, бейбіт заман жайлаған КҮН ЕЛІ ретінде суреттеледі. Зерттеушілердің пікірінше, бұл құтты мекен осыдан төрт мың жыл бұрын байырғы Қосөзен аймағын Үнді алқабымен жалғап жатқан күре жолдың бойында ірге тепкен. Бүгінгі Бахрейнге балайтындар да баршылық. Ал ассириялық Саргон (Шаррукин, Шаррумкен) патшаның б.з.б.. 247 жылы жазып қалдырған хроникасында оның қайда орналасқандығы жөнінде нақтырақ мәліметтер алға тартылады. Бұл жылнамада атақты билеуші Ащы теңіз жағалауындағы Бит-Иакиннен бастап Дильмунға және Элам шекарасындағы төрт қалаға дейінгі аралықты қол астына қаратқанын, содан соң ғана Дильмун патшасы Уперидің өзіне тарту-таралғы жібергенін айтады. Саргонға сүйенсек, Дильмун – «шығар күннің астындағы теңіздің  қақ төрінде, отыз екі сағаттық қашықтықта  орналасқан ел».

Міне, осы жобаны бағдар тұтқан даниялық ғалым Джеффри Бибби арнайы экспедиция ұйымдастырып, Дильмунның жұртын таппаққа күш салды. Әрине, кейіннен өзі күйіне мойындағандай, «алтын аралдың» сорабын кезіктіре алған жоқ. Есесіне басқаша бітімдегі талай жаңалықтың жүзін жарқыратып, неше бір ғылыми нәрсені негіздеп, «Дильмунды іздеу» атты тамаша кітабын (Мәскеу, 1984) дүниеге әкелді. Ол осы зерттеу еңбегінде сәтсіздіктің себептерін былайша саралайды: «Біріншіден, Ассирия патшаларының жылнамаларына үнемі сене қою қиын; екіншіден, Дильмунның арал ішіндегі астанасына дейінгі жол отыз екі сағатқа созылғанымен, оның бастапқы мәресі қай жерде болғанын біз білмейміз. Мұның үстіне ұзындық өлшемінің өзі де нақты емес. Қолымызда барға жүгінсек, отыз екі сағатты Элам шекарасында жайғасқан Саглаттан бастап өлшеу керек секілді; шамасы, Дильмун патшасы Упери сый-сияпатын сол жерге жөнелткен. Біз Саглаттың қайда орналасқанын білмесек те, оның жағалаудан солтүстікке қарай онша алыс болмағаны анық. Парсы шығанағының терістік иінінен Бахрейнге дейінгі аралық 480 км шамасында. «Екі сағат» дегеніңіз екі сағатқа созылатын жолды білдіреді және әдетте бұл жаяу жүргіншіге қатысты алынады. Бірақ, олай етсек, Бахрейн тым алысқа ұзап кетеді; дегенмен, бұл айырманы ассириялық өлшемдердің дәлсіздігімен түсіндіруге болады. Егер екі сағат дегеніңіз, теңізге қатысты қарағанда, екі сағат бойы жүзуді аңдатса (филологтар қолдайтын бұл болжамға менің күмәнім бар), онда ара қашықтық керемет дәлдікпен көрсетілген...» (46-47 беттер).

Бибби осылайша таусыла түсіндіреді. Бір нәрсе анық: қалай болғанда да, ол Дильмунның ошақ-орнын бәрібір таппас еді. Өйткені жерұйық атаулының сұлбасын ешкімнің көзі көріп, пұшпағына тірі жанның табаны тиген емес. Сондықтан жанкешті ғалымның жорамалындағы «отыз екі сағаттық жол» ұғымы нақты емес, КҮН ЕЛІНЕ лайықталған уақыт пен кеңістіктің шартты өлшемі есебінде қарастырылғаны жөн.

Байыптап отырсақ, Шумер әлемінен өзінше із қалдырған «32» санының кілтипаны көп екен....

Біз жоғарыдағы мәтінде қарайта ерекшелеген «Саглаттың» да жұмбағы шешілген жоқ.  Тува республикасындағы Саглы алқабының онымен аты жөнінен ұқсастығы («сақ» атауының түбірін тапқысы келген) дәмегөй көңілімізге дүмі берік дәйек бере қоймас, бірақ ой түсірерлік басқалай олжасы бар болып шықты.

Саглы алқабы Туваның Монғолиямен шекарасының бойында, Цаган-Шибэту мен Танну-Ола жоталарының арасында кеңінен көсіліп, жалпағынан жосылып жатыр. Ал осы табиғи тоңды алқапты жарып ағатын тағы да өзімен аттас Саглы өзенінің сол жақ аңғарында, Қызыл-Тей кентінен 17 шақырым жерде Улуг Хорум, қазақшаласақ - Ұлы Қорым деп аталатын б.з.б. Ү-ІІІ ғасырдан, яғни Сақ дәуірінен қалған археологиялық кешеннің орны жатыр.

Белгілі археолог А.Д.Грач 1955 жылы тауып, содан араға бір мүшел салып КСРО ҒА Археология институтының Саян-Тува экспедициясын бастап барған Ұлы Қорымды әуелде жұрттың көбі әдеттегідей «патша қорғаны» болар деп топшылаған. Қазып, қопарып қарағанда, оның ежелгі көшпелілердің Күн Храмы (бәлкім, обсерваториясы) екені анықталды. Қазір ғалымдар оны маңызы жағынан Англиядағы әлемге әйгілі Стоунхендж бағантастар үйіндісімен қатар қоятын болды. Біз бұл ғажап сәулет ескерткішінің ұңғылы мен шұңғылын егжей-тегжейлі тергеп жатпастан, сырт бітіміндегі  бір айырықша сипатқа ғана тоқалғанды жөн көрдік. «Сызбада Саглыдағы Ұлы Қорым 32 «шабақ»-сәулесі бар алып шеңбер түрінде көрініс табады, яғни далалық жерде дөңгеленіп жатқан Күн бейнесі сияқты», - деп суреттепті А.Д. Грач өзінің «Орталық Азиядағы ежелгі көшпелілер» атты кітабында (Мәскеу, 1980, 62-бет). Оның орталық құрылысы да, сыртқы шеңбер қоршауы да, әлгі «сәулелері» де жұмыр тастардан қаланған. Дуалы ауыз тарихшылар Геродот пен Страбон жарыса жазып кеткендей, «Күнді құдай тұтқан және оның құрметіне жылқыны құрбандыққа шалған» бабаларымыздың көзіндей осы керемет жәдігерді жан-жақты тексеріп, талдай келе, сұңғыла ғалым А.Д.Грач сол заманның өзінде былай деп батыл пікір айтады: «Саглыдағы Ұлы Қорымды зерттеудің материалдары скиф-сақ әлемі тайпаларының «күнтекті» дінінің бастаулары жөніндегі күрделі проблемаға және ежелгі ирандықтардағы зороастризмнің «түп қайнары» туралы мәселеге қайта оралып соғуға мүмкіндік береді» (аталған кітаптың 64-беті). Бұл ой белгілі лингвист В.Абаевтың «зороастризм скифтік стихиямен тікелей түйісу барысында және сол стихияның белгілі бір дәрежеде қатысуы арқылы туды» деген тұжырымын археологиялық тұрғыдан тиянақтай түседі.

Ең ғажабы, зороастризм әлеміне бет бұрғанда, шумерлердің Күн Елі – Дильмунды, сақтардың Күн Храмы - Ұлы Қорымды даралап тұрған «32» саны алдымыздан тағы да андағайлап шыға келді!

Зороастрлық күнтізбе және түркілер танымы

Белгілі жұлдызшы Павел Глобаның жорамалдарына сүйенетіндердің де, сүйінетіндердің де шоғыры қалың. Ал оның өз болжамдары мен байыптауларында атам заманғы зороастрлік күнтізбеге сілтеме жасайтынын көбіміз біле бермейміз. «Арийлер ойлап тапқан» делінетін бұл күнтізбе отыз екі жылдық, яғни соншама хайуанат кіретін мүшелмен жүйеленеді. Өзіміздің үйреншікті он екі жылдық мүшеліміз әу баста ең үлкен планета – Есекқырғанның (Юпитердің) Күнді айналып шығу мерзіміне негізделгені турасында зерттеушілер жабыла жазып жүр. Ал Глоба зороастрлік күнтізбенің жай-жапсарын: «Ұзақтығы 32 жылдық уақыт кезеңі Күн жүйесінің жәй көзбен бақылауға болатын ақырғы планетасы – Сатурнның бастапқы циклі туралы әпсаналармен байланысты. Қазіргі кезде Сатурнның Күнді айналу мерзімі 29,5 жербетілік жылға тең, алайда көне парсы астрологтары - біздің әлемге жойып-жайпаушы күш Ариманның баса-көктеп кіруімен байланысқан ғарыштық апатқа дейін - Сатурн Күнді 32 жылда бір айналып шыққан деп есептеген. Оны «Кейван», яғни «Өткен шақтың патшасы», «Бұрынғыны сақтаушы» деп атаған: Кейванның 32-жылдық циклінде дүниенің әлі зұлымдық атаулыны көрмеген жаннат күйі – «Сатурнның алтын ғасыры» жайында аңыздар сақталған», - деп тарқата түсіндіреді (Зороастрлық күнтізбе. Дельфин жылы. Минск, «АРБА» баспасы, 1997, 3-бет).

Глобаның байламы бойынша, Есекқырғанның цикліне лайықталған 12-жылдық мүшел «сары» нәсілге, яғни дені Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жұрттардың «ұжымшыл» психологиясына бейім тұрса, Сатурнның циклінен туындаған 32-жылдық мүшел «ақ» нәсілдің, яки үндіеуропалықтардың (арийлардың) «дарашыл» мінез-құлқына сайма-сай келетін көрінеді. Мұның қаншалықты қисынды екендігі – бөлек таластың тақырыбы. Біздіңше, ұзақ тарихи-мәдени үдерістің барысында, бәлкім, мың сан қырлы «Тұран-Иран» қарым-қатынасының аясында әлгі мүшелдерге телінетін қасиеттің екеуі де түркілердің сойында өзара ым-жымсыз кірігіп кеткен.

Байқап қарасаңыз, зороастрлық күнтізбеде де «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» жөніндегі утопиялық аңсарлар нышан танытады.

Мезгіл мен мекеннің таңдаулысын іздеген көңілдің төріндегі «Сатурнның алтын ғасыры» мен Дильмунның арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болады. Және бұлардың қай-қайсысында да әңгіменің Күн образымен және «32» санымен «тұздықталып» отыруы тегін емес.

Бұл құбылыстың бізге етене екендігіне шәк жоқ. Мысалы, көк түріктердің бір астралдық мифінде мынадай «махаббат хикаясы» баяндалады. Қыз бейнесіндегі Күн жігіт кейпіндегі Айдан көк жүзінде жалғыз өзі шамалы уақыт серуендеп қайтуға сұранады. Егер біреу-міреу ренжіте қалса, өзінің барлық «отыз екі инесін» сол сұмпайының көзіне қадайтынын айтып, уәж келтіреді (Алдыңғы Азия халықтарының дәстүрлі дүниетанымы. Мәскеу, 1992, 86-бет). Сөйтіп, шумерлерден, сақтардан, арийлардан ұшырасқан дерек таза түркі танымынан да кезікті.

Ұлы Қорым табылған түркі елі – тувалар да, өзіміз секілді,  сай-саламен су ағып, жазғытұрым шығарда тойланатын мейрамының кезінде балуан жарыстырады екен. Бұл жөнінде «Оңтүстік Сібір түркілерінің дәстүрлі дүниетанымы: таңба мен ғұрып» атты іргелі еңбектің авторлары бүге-шігесіне шейін тәптіштеп жазған (Новосибирск, 1990, 127-бет). Күрестің ережесі бойынша, 32 жұпқа бөлінген спортшылар аалдың (ауылдың) еркектері мен әйелдерін, яғни оң  және сол қанаттарды ишаралайды. Оң қанаттағы еркектер жағында бақсылар таңдаған балуандар білек сыбанады. Жеңіске жеткен жағдайға оларға «еркекзады күш иесі» деген мәртебе беріледі. Сол қанаттағы балуандарды лама іріктейді. Олардың арасынан шыққан жеңімпаздарды «әйелзады күш иесі» деп көтермелейді. Бір жақсысы, басым түскен балуан жауырыны жер иіскеген қарсыласына сыйластықпен қарап, жығылған орнынан тұрып кетуіне және арқасындағы шаңын қағуына көмектесуі тиіс. Бұл балуан жарыстың мән-мазмұнында терең астар, ұлық өнеге жатқандығы айқын. Ең алдымен, оның бастауында ешқашан маңызын жоймайтын «ғаламның тепе-теңдігі» идеясы тұр деуге болады. Біріншіден, ол – кемел ғарыштық үйлесім мен үндестіктің жер бетіне көшірілген көрінісі, ойын арқылы ойландыратын амалы (ғаламдық проблема). Екіншіден, әрқилы түсініктердің (тәңіршілдік пен буддизм) белгілі бір қоғамдық ортадағы тең таразылығы арқасында ынтымақ пен ымыраға келуінің үлгісі (дін проблемасы). Үшіншіден, еркек пен әйел жаратылысының мәңгі жұптастығы мен жарасымын пысықтап қоюдың тәсілі (отбасы проблемасы). Төртіншіден, табиғат пен адам арасындағы байланыстың «күн» мен «түн» категориялары арқылы бірлікте болуының белгісі (социумдық проблема). Сайып келгенде, он сегіз мың ғаламдағы қарама-қарсы көрінетін күштердің керемет келісіміне деген құрмет пен қошеметтің айғағы.

Тува күресіндегі тайталастың сандық сипаты тәрізді, ғаламат комбинациялы ойын - шахматтың тақтасы да 32 – ақ, 32 – қара шаршыдан тұрады. Ендеше, ол да – ғаламның кішкене моделі іспетті. 

Индуизмдік мандаланың «мандука»  деп аталған ең байырғы нұсқасы 64 шаршыдан құралып, оның 32-сі Күннің қозғалысына сәйкестендірілсе, қалған 32-сі Жердің серігі - Ай өзінің ғарыш сапарында «аялдап» отыратын шоқжұлдыздарды сипаттаған дейді зерттеушілер.

Бұл сәйкестіктердің сыры неде болды екен?

Күннің 32 жарық сәулесіне кереғар тұп-тура 32 қараңғылық күшінің бой көрсетуі ме? Шым-шытырыққа толы әлемдік ара салмақтың безбен басына тартылуы ма?

Қалай десек те, әлгі санның тасасына жасырынып, құпиясын қойнына қымтаған әлдебір заңдылық бар...

Тақырыпқа «көлденең» толықтырулар

«32» санының ғарыш-ғаламды, қоғам мен қауымды қойып, кісі бойынан белгі беретін мысалдары да мол.

...Уфалық атақты офтальмолог-ғалым Эрнст Мулдашев өзі бастаған  Тибет экспедициясының материалдары негізінде жазып шыққан «Біз кімнен жаралғанбыз?» атты кітабында (Мәскеу, 2000): «Ежелгі дерек көздері бойынша, Будданың сыртқы бітімін айырықшалайтын 32 белгі болған» (205-208-беттер), - дейді де, оның екі аяқты жәй пендеден дене ерекшеліктерінің бәрін түк қалдырмай санамалап әрі сипаттап береді. Бұл өзгешеліктер Шакьямунидің Күн нұрынан жаралғандығын меңзеуден туындаған болса керек.

... Адам баласының 32 тісі бар. Біреулер бұған мынадай балама ұсынады:  таңдай – ауыз қуысындағы Күн іспетті, ал тістер – оған бағынышты «жаратындылар»...

... Еврейлердің Ибраһим пайғамбарға телитін құпия ілімі – Каббалада «32» саны қасиетті саналып, адам баласын Құдайға жақындататын қанша жол бар екендігін білдіреді.

... Мистикалық ілімдерде адамның бас сүйегі – «Даналық Храмы» деп аталып, одан таралатын жұлын тармақтарының саны 32 болады.

...  Масондар ұйымы мүшесінің ұмтылатын ең шырқау сатысы – 32. Мысалы, Уақытша үкіметтің басшысы А.Ф.Керенский осындай дәрежеге ие болған делінеді.

... Бәрі айт та бірін айт, осы мақаламызға «басты кейіпкер» болып отырған, күллі тіршілігіміздің көзі деп білетін, галактиканың дәлізі - Құс Жолында орналасқан, көлемі ғарыштық өлшем бойынша орташа саналатын жұлдыз – Күннің өз сипаттамалары біздің назарымызға не ұсынады екен?

Сонымен, Жерден Күнге дейінгі ара қашықтық астрономиялық ұзындық бірлігі болып қабылданған. Планета жүйесінің басқа аралық өлшемдері Кеплердің заңдарына сәйкес анықталады. Ал Жерден Күнге дейінгі ара қашықтықты білу аса маңызды. Жер орбитасының эллипс түрінде болуына байланысты ол ауытқып отырады: мысалы, шілде айына қарағанда қаңтардың ішінде Күн бізге қарай 5 млн километр жақынырақ келеді. Бақылаушының тұрған жеріне қатысты шалғайдағы нысанның көріну аясының осылайша өзгеруін ғылым тілінде «параллакс» деп атайды. Ең заманауи зерттеулер бойынша, Жер мен Күннің арасы шамамен 149 млн км-ге тең, жарық оны 498 секундта жүріп өтеді. Ара қашықтықтың құбылуы Күннің көріну диаметрінің өлшеміне әсерін тигізеді. Ол арғы жаққа да, бері қарай да 32 градусқа ауытқиды екен.  

Айналып келгенде, адамзат баласы Күннің болмысы мен оған қатысты өлшемдерді есте жоқ ескі замандардың өзінде байқап, бақылап, барлап білген сияқты. Бәлкім, сондықтан оның көзге көрінуінің бұрыштық  диаметрінің 32 градустың о жақ, бұ жағынан табылуы осы санның айырықша сипат алуына себеп болған жоқ па деген ойға қаласың...

Күннен туған ұрпақпыз!

«Күннен туған баламын» деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың  белгілі өлең жолын сәл-пәл өзгертсек, жалпы қазақ осылай деп айта алар еді. Және де ұлы ақынымыздың  поэтикалық биіктен өзін «Күннен туған, гуннен туған пайғамбарға» теңеуін де қиналмастан қабылдаймыз (әр нәрседен «шерік» іздегіш діндарлардың құлағына алтын сырға: бұл жердегі «пайғамбар» ұғымын тек көркем қолданыс тұрғысынан ғана түсінген жөн). Елінің тарихын өте терең білген Мағжанның туындыларындағы Күн бейнесін әрі мәдени архетип, әрі  ұлттық рух қайнары есебінде қатар елеп-ескереміз.

Ал «Күннен туған ұрпақ» екенімізді генеалогиялық материалдардың негізінде парықтай алатынымыз сөзсіз.

Мысалы, белгілі зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы түзген «Қазақ шежіресі» атты кітаптан мынаны оқимыз:

«Тағы бір аңыз бойынша, баяғы заманда Сыр бойында отыз екі рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болыпты делінеді. Ол бір жорықта қолға түскен сұлу қызға үйленеді. Тұтқын әйел тұла бойы түгел ала ұл табады. Бұны жаман ырым деп шошыған хан оны Сырдың суына тастатқызады. Ағып бара жатқан сәбиді балық аулап жүрген бір кедей құтқарып алып, өзіне бала қылады. Кейін бала ақылды да батыр боп өсіп, маңайдағы жұртқа «Алаш» деген атпен әйгіленеді. Хан мұны естіп, оны өз ордасына алдырмақ болады. Алайда қарашы билері Қотанби мен Майқыби Алашты ордаға әкелмей-ақ, қасына жүз жігіт қосып беріп, өз еркіне жіберуге кеңес береді. Содан Қотанбидің үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады. Келесі жылы Қотанбидің ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт іздеп барып, олар да Алаштың қасында қалады. Үшінші жылы Алшын бастаған жүз жігіт те осы жолды қайталайды. Осы үш жүз ешкімге мойынсұнбай еркін жүріп, төңірегіндегі елдерді де бағындырып, сол заманда «ержүрек», «еркін» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атаумен аталыпты. Кейін халық Алашты ақ киізге салып, Алаш ордасының ханы етеді» (Алматы, 1994, 12-13 беттер).

Осы аңыздағы отыз екі рулы ел ұғымы біз мысал еткен «32»-лердің сапын толықтырып қана қоймайды, шираған жіптің ұшын түйіндеуге септеседі. Бұл жерде ғылыми әдістің көмегі арқылы өте ескі әпсаналық сюжеттің «қабығын» сыпырып,  «Қызыл Арыстан ханның» кімді бедерлейтінен тауып алу әсте қиын емес. Ол – ауыспалы мағынасындағы Күн. Былайша айтқанда, Зодиактағы Арыстан шоқжұлдызы әрдайым Күн бейнелі болып келеді. Мифологиядан аздаған хабары адамға бұл – түсінікті жайт. Сондықтан аталмыш аңыздағы «отыз екі рулы ел» дегеніңіз «Қызыл Арыстан – Күннен» тараған «сәулелер» секілді. Сондай-ақ, «Алаш» атауының мазмұнына  «от», «алау», «жарық» ұғымдарының сыйып тұрғандығын қазіргі оқымыстыларымыздың екісінің бірі біледі. Ұлы Қорыммен табыстыратын түйткіл осы арада.

Сөйтіп, аңыздың желісіне жүгінсек, ҚАЗАҚ атты ел «Қызыл Арыстан ханнан», яғни «Күннен» туған Алаштың ұрпағы боп шығады.

Ендеше, Қазақстанның Мемлекеттік Туында «отыз екі шапақты» Күннің бейнеленуінде құдіретті тылсым, ғажайып мән бар деп ойлаймыз.

Тарих, археология, этнография, мифология, фольклор, лингвистика, тағысын-тағы салалардың деректері осыны толық растайды.

P.S. Кезінде «Күн дидарлы Қазақстан» атты әп-әдемі патриоттық ән болушы еді. Айтылмай кетті. Естімейтін болдық. Ұмытып қалдық. Өкінішті-ақ... Қайта шырқағың келеді...

ТОП-5 месяца