Сөзді дұрыс қолданбауға әбден бой үйретіп барамыз.Кеше таңертең бір облыстағы бір ауданның әкімі теледидардан сөйлеп тұр. Жас әкім. Жігерлі әкім. Мақтаулы әкім. Есіп сөйлейтін әкім. «Қазір біз айналысып жатқан сұрақ көп. Бұл сұрақтарды біртіндеп шешіп жатырмыз. Сұрақтарды дұрыстап қарамасаң болмайды» деген ыңғайда аңырат-е-е-п тұр...
Бұл – кейінгі жылдарда шенеуніктердің «лексиконына» берік енген сөз. Орысшасы – «вопросы». Бірақ әсіресе қазақшаны түйенің үстінде отырып талқан жегендей қылатын кеңсе қызметкерлері қаралатын «вопросыңды» да, жауап тілейтін «вопросыңды» да белден бір-ақ басып, «сұрақ» дейтін болды. «Қандай сұрақпен келдіңіз?», «Нешінші сұрақ қаралайын деп жатыр?» «Бүгін бастық жеке сұрақтар бойынша қабылдай алмайды», «Бұл сұрақты шешу кейінге қалды»...
Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде үлкенді-кішілі кеңселердегі шенеуніктер қазақша үйрену барысында осындай сөз тіркестерін көп қолданатын болып алды.
Сөзді бұлай қолдану мемлекеттің ең еңселі кеңселеріне дейін жетті. Үлкен үйдегі үлкен кісілердің қасындағылар бірдеңе біліп айтып жүрген шығар дей ме, кейбір ақпарат құралдары да осы «үрдіске» бой алдыра бастады. Бірақ дәл осы жердегі «вопрос» деген орыс тіліндегі сөзден тікелей көшіріліп тұрған «сұрақ» сөзі дұрысында «мәселе» деп айтылуы керек.
Шошайғанның бәрі емшек емес екені секілді «вопростың» бәрі «сұрақ» деп аударылмайды.
Бастық кісілерді жеке мәселемен қабылдайды. Сұрақпен емес. Күн тәртібіне бірнеше сұрақ емес, мәселе қойылады. Сұрақтардың шешімін емес, мәселенің шешімін іздейміз. Ал сұрақ дегеніміз бір нәрсенің жауабын білу үшін қойылады. Ал енді сол кездегі «вопросыңыз» – «сұрақ». Сондықтан мәселені «сұрақ» деген – басты «құлақ» деген сияқты нәрсе.
Баяғыда бір әжептәуір шенеунік теледидардан былай деп еді: «Ақтөбенің заводы жұмыс істеп жүр. Павлодардың заводы жұмыс істеп жүр. Соны көріп Өскеменнің заводы да жұмыс істейін деп жүр». Жалпы, тіл үйренсек, халықтан, елден үйренейік. Қазақшаға енді бет бұрған шіренген шенеуніктерден емес...