Ішкенің сары су болар

Зар заман поэзиясындағы «шайға қарсылық» сарыны және оның себеп-салдарлары хақында

Қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орны бар зар заман ақындары шығармашылығындағы назар аударарлық жайттың бірі – олардың өз дәуіріндегі құбылыстарға көзқарасы. Мұны осы ағымның бірнеше өкілінің өлең-жырларын қатар алып қарастырғанда анық аңғаруға болады. Зар заман ақындарын ерінбегеннің бәрі емін-еркін сынап-мінеген сонау кезеңде «олар жаңа заманның жаңалықтарына қарсы болды, прогресс атаулыны жатсынды» деген уәж айтылатын еді. Бұл санатқа қосылатын Дулат Бабайтайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері сынды ақындардың замана адамының киім-киісіне, жүріс-тұрысына, тұрған үйіне, ішкен асына орай қолданған тіркестері таптық қоғамнан тамыр тартатын талай әдеби тартыстың нысанасына айналды. Көршілес қырғыз елінің әдебиетіндегі Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молла Нияз, Молда Қылыш, Алдаш Молда сияқты «заманчы» шайырлардың шығармаларына да ұзақ жыл бойы тиым салынды.    

Шындығына келсек, зар заман жыршылары қоғамның сипатына сай өзгерген нәрселерге, тосын жаңалықтарға өзіндік ой биігінен қарап, баға берген-ді. Бұрын бұл көзқарастар қалыптасқан үрдіс бойынша, ескі мен жаңаның, кешегі мен бүгінгінің,  ұмтылыс пен кертартпалықтың өлшемдері арқылы талдап-таразыланғаны рас.

Арқалы ақындарымыздың шапанының етек-жеңі даладай, кең қолтық қазекеңнің тар шалбарға бойы үйренбей, қымызшылдығын күрең шайға қызығушылығы жеңе алмай, әрі-сәрі болған көңіл-күйін қалтқысыз жеткізуі жаңаны жатсыну, прогресті парықтамау деп бағаланғаны рас. Қазіргі көзқарас, бүгінгі пайым өзгеше. Сондықтан да ақындардың ой-тұжырымдарына өзек болған әлеуметтік құбылыстардың себеп-салдарларын жан-жақты ашып көрсеткен жөн. «Бұл ақындар не нәрсеге қарсы тұрды?», «Неліктен қарсы болды?», – деген сауалдарға жаңаша таныммен жауап берілуде. Бұл мәселені ұлттың салт-дәстүрлерімен және ежелгі сенім-түсініктерімен тығыз байланыстыра қарастырған ләзім.

Жұрттың санасына әбден сіңісті болған жайттың бірі – зар заман поэзиясының кейбір өкілдерінің жырларындағы кәдімгі шайға байланысты бірді-екілі тіркестер. Осыған қайта оралып, көңіл көзімен зерделеп көрсек, біраз нәрсенің басын ашуға болар еді.

Мектеп оқушыларына арналған ілгеріде шыққан оқулықтағы зар заман ақындарына арналған тарауда олардың бірқатарының көзқарастары сараланып, былайша түйінделеді: «Өз кездеріндегі жаңалықтардың бәріне ескі көзқарас тұрғысынан қарау Мұрат пен Әбубәкір творчествосының  да негізгі бағыты болды. Олар қазақтың тұрмыс-салтына ене бастаған киім киіс, тәрбие түзеу мәселелеріне де наразылық білдірді.  Самауыр мен шайдың өзін елдің дәстүрлі салтын бұзатын жағымсыз құбылыс деп қарап, оларды кекете-мұқата, сықаққа айналдырды» [1, 8-9].

Шындығында, бұрыннан үрдіс емес шай сусынының қазақ жеріне келіп жетуі жалпы жұртқа қалай әсер етті? Қымыз бен шұбаттан бас көтермейтін көшпенді халық ел ішін жаппай жайлаған таңсық ішімдікті қалай қабылдады?  Жалпы, ара-тұра айтылып қалып жүрген «зар заман ақындары басқаны былай қойып, шайдың өзін өлеңге айналдырыпты ғой» деген сықылды пікірлер орынды ма? Бірден басын ашып алатын нәрсе – тілге тиек болған мәселе ақындар шығармашылығының әдеби-көркемдік деңгейі турасында емес, олардың әлеуметтік көзқарасы хақында. Зар заман ақындары әдепкіде тосырқай қараған шайға қатысты топшылауды қырғыздың зар заман поэзиясының көшін бастаушы жыр дүлдүлі Қалығұл Байұлының болжал өлеңдерінен байқаймыз:

Сааганың сары бээ болор,

Ичкениң сары суу болор.

Мұны ойшыл ақын Қалығұлдың «сауғаның сары бие болса да, қымыздан өзге нәрсеге үйірсектейсің» деген көріпкелдігі деп тұжырымдасақ, нақ осы болжамның расқа айналғаны қырғыз ырчыларымен қоңсы қонып, қатар жүрген Албан Асанның өлеңінен көрінеді:

Жыртық үйдің ішінде,

Самаурынды шай болды.

Ащы боп шыққан сары су,

Ішіп көңіл жай болды.

                ***

Ішіп қарын тоймаған,

Сары судан ас болды.

Ал Қалығұл бастаған қырғыз зар заман мектебінің белді өкілі Арыстанбек Бұйлашұлының:

Сары суу көрсө шимирген,

Сары камыш көрсө кемирген, –

деп жырлауы осынау ойлармен үндестіктің үлгісі. Сондай-ақ Әбубәкір Кердерінің бір өлеңінде  «Сары азамат, Сардар би, Сары сулар ас болды», – деген тіркес бар. Мұның бәрі қазақ жұртының шайдың келуін тосын құбылыс ретінде қабылдағанын білдіреді. Ата-бабаның дәстүрінде болмаған нәрсенің елді таңырқатқаны рас. Солай болатын жөні де бар еді.

Кофенің отаны – Африка, какаоның шыққан жері – Америка болса, шайдың алғаш өндірілген жері – Қытай. Шай арқылы дүние жүзілік бизнестің тұтқасын ұстаған Шың елі XIX ғасырдың ортасына дейін өнім өндірудің құпиясын жан баласына білдірмеген.

«Қытайлықтар шай сырын фарфор құпиясын жасырғандай керемет ұқыптылықпен сақтап келді. Егер бір айлакер ағылшын болмағанда, бұл құпия сол беймәлім күйі қала берер ме еді, қайтер еді. Әлгі әккі кісі оның тұқымын ұрлап алады да, бір көңілшек қытайға көп ақша төлеп, әзірлеу технологиясын үйренеді. Қытай экономикасының тарихы бұрын-соңды тап мұндай соққыны көрген емес» [2,  11] .

Оңтүстік-қытайлықтардың диалектісімен, Батыс Еуропада «ти» деп аталған, ал солтүстік-қытайлықтардың «ча-е» деген диалектісімен, Шығыс  Еуропада «шай» деп аталған сусын Ресейге XVIII-XIX ғасырларда келген. Шай тиеген қытай керуені бұл жерге жарты жыл жүріп әзер жеткен. Сондықтан  қазақ ішіне самаурын мен шайдың келуі отаршылдықпен ілесе жеткен құбылыс ретінде қабылданған. Дүние жүзі бойынша шайды көп ішетін елдің біріне айналған Ресейдің жаңа дәстүрі Қазақстанды да қамтымай қоймайтыны бесенеден белгілі. Әбубәкір Кердерінің жаңалықты жатсынғандықтың жарқын үлгісі ретінде әр түрлі оқулықтарға тықпаланып келген:

Тар шалбар, бешпент шықты қынамалы,

Жігітке шапан киген ұнамады.

Сары жез самауыры тағы шықты,

Машина шүмегі бар, бұрамалы.

Төсектен ерте тұрып, бас ауырса,

Бөтен ем шайдан басқа сұрамады.

Сол болды ауруының жаққан емі,

Халықтың, бәрекелді, тапқан емі, –

деген өлеңі сол тұста шығарылса керек. Мұны прогреске қарсылық, жаңа мәдениеттен бойды аулақ салу деп ұғындыру қоғамға үстемдік еткен идеологияның оңтайлы әдісі болды. Әбубәкірдің алғашқы тосырқауы «Көрмегенге көсеу таңның» әсері ғана сыңайлы. «Бұл өзі не нәрсе, адамның ағзасына пайдасы қандай?» деген әуестіктің туындауы заңды. Тарихқа жүгінсек, шайдың пайдасы мен зияны  төңірегінде таласты мәселелер болған. 1874 жылы Вильнода А.Владимировтың «Шай және оның кісінің денсаулығына, ақылы мен адамгершілігіне кесірі және экономикалық зияны» деген кітабының шығуы, мұндай пікірлерді терістейтін Вильям Полебкиннің: «Шай. Оның түрлері. Қасиеті. Пайдаланылуы», сондай-ақ Г.Рейнботтың «Шай және оның пайдасы»деген кітаптарының басылуы – осының дәлелі [2,  49]. Аққұйрық шайды кәсіпкерліктің көзіне айналдырған Еуропаның өзінде осындай айтыс-тартыс  жүріп жатқанда, қымыз бен қымыраннан басқаға ауыз былғап көрмеген қазақтың ептеп күдіктене қарағанына таңырқаудың жөні жоқ. Зар заман ақындары елдің осы көңіл-күйін тап басты. Өз дәуірінің күйін шерткен Нарманбет Орманбетұлының:

Жанның бәрі ант ішті,

Шайға қосып қант ішті,

Малда да өсіп-өнбек жоқ, –

деп жырлағаны сондықтан. Осыған байланысты айтылған сарындарды терістеп, ақынның кітабын шығару үшін Есмағамбет Ысмайылов оны «Нарманбет творчествосындағы жаңашыл жастарға, керосин, қант-шайға наразылық пікірлер – ол, қазақ ауылының революция алдындағы  белгілі бір таптық слойдың идеологиясынан, солардың әсер етуінен туған. Бірақ Нарманбет, негізінде, халықпен бірге болған, халық өмірінен ешбір алыстамаған, кейбір ескішілдік пікірге салынса, сол халықтың талану, қырғын көру қысымынан құтылу жолын іздеуге салынғандығынан» [3, 17], – деп ақтады.

Шай келгендегі елдің көңіл-күйін білдіру, негізінен, Әбубәкір, Албан Асан, Нарманбет өлеңдерінен байқалды. Қалған ақындар «шай» ұғымын күнделікті тіршіліктің мысалы ретінде қолданды.

Шайды алғаш рет көргенде қарапайым қыр қазағы түгіл Еуропамен есіктес Ресей жұртының өзі тосырқай қараған. Халық арасына кең тараған бір әнде сарай азпазшысының шайды қолына ұстағанда әбігерге түскені айтылады. «Бірде қожайын аспазшыға шай беріп жібереді де, оны қайнатсын деп бұйырады. Азпазшы өзінің ежелгі әдеті бойынша іске кіріседі: «Құмыраға су құйдым да, барлық шайды салып жібердім, пияз, бұрыш,  жеміс, тамыр салдым». Сорлы азпазшының бұдан кейін қожасына жақпай қалғаны өзінен-өзі белгілі. Бірақ ол өзінің неге жазықты болғанын көпке дейін түсінбей жүреді. «Шайға тұз салуды ұмытып кеткенімді кейін ғана түсіндім», – деп күлдіреді ол» [2, 15]. Сауда мен кәсіпкерлікке ерте бой үйреткен ресейліктер осылай қожанасырлық танытқан соң, қыр қазағы шайға шекесінен қарамай қайтсін.

Әбубәкір әдепкіде түрпідей көрген самаурынның тарихына тоқтала кетелік. «Алғашқы самаурындар XVIII ғасырдың ортасында пайда болған. Оның бастапқы  нобайлары – Ресейде кең тараған күбі және тегене  сияқты ыдыстар. Орыс шеберлері формасы әр түрлі самаурындар шығаруды бір жарым ғасыр ішінде әбден меңгеріп алды... Еуропадағылар самаурынның бу двигателі, паравоз, су трубасы ойлап табылған сол баяғы Ресей жерінде жасалуын кездейсоқтық деп есептеген жоқ, сондықтан да орыстың шай машинасы деп атады» [2,  118].

Самаурынға салқындық танытып, шайға шошына қарауды сол топтағы барлық ақындарға таңу дұрыс емес. «Зар заман ақындары поэзияның құнын кетіріп, сары самаурын мен қара шайға қарсылығын өлеңге қосыпты ғой», – деу негісіз. «Бозақор» деп бозөкпе жастарды бір сүйкеп өткені болмаса, Дулат бұл тақырыпты қозғаған емес. Ал Мұрат ақынның шығармаларында «шай» мен «самаурын» сөзі арагідік кездесіп қалатыны рас. Бірақ оның өлең-толғауларында «қоғамға жаңа қатынастар әкелген жаңалық-өзгерістерді» қабылдамау мақсатында емес, мүлде бөлек мағынада қолданылады. Мәселен, Қазтуғанның атынан баяндалатын жырында:

Сусынына шай алар,

Шайнауына май алар,

Шайын ішер құрт алар, –

десе, оның кегі «шайда»  емес, бар іс-әрекетін ұнамсыз кейіпте бейнелеп отырған Еділ мен Жайыққа ентелей ұмтылған алпауыттарда екені түсінікті. Осыған ұқсас тіркестер қырғыздың зар заман ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының  шығармаларында ұшырасады: «Ичейин десе чайы жок, Байыр кылар байы байы жок, Чайнайын десе майы жок». Бұл ауыздан-ауызға көшіп, жамылып-жасқанып, анахронизмге айналған сонау Ноғайлы дәуірі  жырларының сұлбасы болуы да мүмкін. Сонымен қатар Мұрат ақынның өткен  өмірді сағыну, тарих көшін көз алдына елестету ыңғайында толғаған жырларында мынадай жолдар бар:

Сусынын шайға қандырып,

Хандығына жұртын нандырып.

               ***

Қызыл шай, жез самаурын, саздың суы,

Сәскеде пісуші еді әзер қайнап.

               ***

Шай ішіп, самаурыннан сәске түске,

Көп еді тәкаппарсып, мырзасынған.

               ***

Сары қымыз тасқан судай сапырулы,

Саны жоқ самаурынның қайнатылған.

Мұрат сары қымыз бен саны жоқ самаурынды дәулетті елдің несібесінің, қонақжайлық дәстүрінің белгісі ретінде көрсетеді. Бұдан шайдың тіршілікке дендеп еніп, қазақ дастарханының да әрін келтіре бастағанын көреміз.

Шай ішудің жаппай үрдіске айналғаны Салық Бабажановтың 1861 жылы Санкт-Петербургтегі «Северная пчела» басылымында жарияланған жазбаларында да айтылды: «Бізге татарлар тағы бір нәрсені қатты дамытты: онысы – шай тағамын ерекше көп қолдану. Қазір Орданың жарты халқынан көбі шай ішеді. Бұның өзі  көптеген адамның қолына түсе бермейді. Қарттар іздеп таппай, «амал қанша, үйреніп қалдық, бас ауырады» деп қатты қапаланады» [4, 21], – дейді ол.  Сондай-ақ тарихшы-этнограф Күндарияның әулетті татарларының шайға көп шығынданғандықтан кедейленіп қалғанын, қазақ қариялары да сөйтіп мұқтаждыққа түсуден қауіптенетінін айтады. Бұл дерек ақындар поэзиясындағы шайға қарсылықтың тағы бір себебін аңғартады. Ішімдік секілді шай да жұртты бірден еліктіріп әкеткен, қарапайым халықтың қалтасын қаққан. Сондықтан мұны жыр жүйріктерінің қай-қайсысы да жат құбылыс ретінде қабылдаған.

Жалпы, желіге бие байлап, саба-саба қымыз ішкен көшпенді қазақтың тіршілігі заман күйін толғаған ақындардың өлеңдерінде өткенге деген сағынышпен бедерленеді. Олар айналасында болып жатқан құбылыстарға көңілі толмай күйзелгенде, сары қымызды жиі еске алады:

Шортанбай:

Сары қымыз шайнаған,

Қымызды судай сапырған.

 

Мұрат:

Құлағына сырға салдырған,

Сусынын сары қымызға қандырған.

 

Әбубәкір:

Бір саба он кісіге қоюшы еді,

Сары ожау, сары қымыз сай қылдырып.

 

Албан Асан:

Күрпілдетіп піскен саба жоқ,

Кілегейден май болды.

Сары доңыздай түйе жоқ,

Желіде сауған бие жоқ.

 

Нарманбет:

Қымыз бойды қыздырмай,

Тіл үйірген кермек жоқ.

Бұл – көшпенді өмірді көксеуден туған сарын. Құт-берекенің кете бастағанына налып, өткен-кеткенге ой жүгірткеннен туындаған топшылаулар. Үйір-үйір жылқы мен саба-саба қымыз қазақтың дәулеті саналғаны әмбеге аян. Дулат ақын өз өлеңдерінде бие байлаған бай адамды әдеттегідей «малы көп кісі», «малды адам» дегеннен гөрі, көбіне-көп  «қымызы бар» деген тіркесті қолданды. Адам образын шебер кейіптейтін  ақын қолында билігі мен дәулеті бар ауқаттыларға жанасып, жағымпаздықпен күн көріп жүрген жылпостарды былайша сынап-мінейді:

Орынсыз сөз сөйлейсің,

Қымызы барға жағына.

               ***

Қымызы бар қылтиса,

Сүмірейіп кетесің.

               ***

Ар сатып қымыз ішкенше,

Келсең-келге түскенше.

               ***

Қымыз құмар, сор құмар,

Сор құмар, өңшең сорлылар.

 

Қазақ қастерлі сусыны – қымызбен жарыса күнделікті дастарханнан түспейтін ас-суға айналған шайға да бой үйретті. Шайды маңдайы жіпсіп, жонарқасы терлеп отырып ішетін болды. Сөздік қорымызға «шай қайнатым уақыт», «қонаққа шай қою», «шай, ішсең – көңілің жай» деген тіркестер берік енді. Енді ол қазақтың тіршілігінің тіні саналып, әр түрлі мәнге ие болып, ауыздан түспейтін ұғым ретінде қалыптасты. Әдепкіде шошына қарап, қолай көрмеген Әбубәкір Кердерінің өзі «шай» сөзін қолданып, әрқилы мәселені қозғады. Бірақ көптеген себеп-салдарға байланысты ақынның «бұрамалы шүмегі бар машина» – сары жез самаурын мен «бас ауруға ем» – шайға қарсылығынан (қарсылығынан емес, тосырқай қарауынан!) басқасына мән берілген жоқ. Тегінде, Әбубәкірлердің шығармаларын қапасқа қамауға біз қозғап отырған тақырыптың әсері бола қойған жоқ. Әйтсе де, ұзақ жылдар бойы зар заман ақындары туралы түсінік алған ұрпақтың миына «қынамалы бешпент» пен «бұрамалы шүмек» мөрдей болып басылып қалғаны рас. Бұл жаңаны жатырқаудың таптырмайтын мысалы ретінде көптеген әдеби оқулықтарға өзек болды. Енді Кердерінің «шай» ұғымын кейінірек қай мағынада, қай мақсатта қолданғанына тоқталып көрелік:

Шай – тектілердің ас-суы:

Қор болған үшіншіде шекер мен шай,

Хан-төре ішуші еді, мырза мен бай.

Бұл күнде қатын-қалаш, пақыр малай,

Мырзамен қатар ішті дәулеті сай.

Басына асылдардың кемдік жетіп,

Арзандап кетті білем бәрінен шай.

 

Шай – кәсіп:

Суғарып күріш пен шайды және ектірген,

Ұрығын жәмшә қауын һәм төктірген.

 

Шай – пұл:

Ғажайып әрбір сөзің таң қалғандай,

Бір күндік пара алдың ба шай болғандай.

 

Шай – дәулет:

Кигенің ылғи жібек, ішкенің шай,

Жегенің жал мен жая, қазыменен.

 

Шай ұғымының елдің етене тірлігімен астасып кеткені басқа да бірқатар ақындардың шығармаларынан көрінеді. Сәбит Мұқанов зар заман ақындарының санатына қосқан Шернияз Жарылғасұлы:

Жөнелт деп мейманыңды қонақ асы,

Қонаға жіберуші ед күнде бір тай.

Қырық ат бас өрігі, мейізімен

Айына ішуші едік жүз қадақ шай  [5, 234], –

десе, діни-ағартушылық ағымның көрнекті өкілі Ақмолла Мұхамедиярұлы:

Бұлағы саф – шайға әркім су алғандай,

Халыққа шөлдегендер қуанғандай   [5,  345], –

деп толғайды.

Қырғыздың зар заман ақыны Молла Нияздың өлең-жырларынан да шайдың күнделікті тіршіліктегі қажетті нәрсенің біріне айнала бастағаны аңғарылады. Самаурын мен шайды мысалға алу арқылы ақын бірде біреулердің кәсібін сөз етеді, бірде ел ішіне келген жаңа үрдіс ретінде бағалайды. Кейде «шай» ұғымы арқылы белгілі бір кісілерді келекелейді. Мәселен:

Көзү жакшы Даткайым,

Көк чайды көп аччыг деп,

Памил чайды сасык деп,

Кара чайды кайнатып,

Каймактап шире чай кылат.

               ***

Самовар салкын жай деген,

Салтанатты чай деген.

               ***

Самовардан чыкпаган,

Сартты худай жаратты.

               ***

Кара чай жайы Кашкарда ,

Койдун кани Кочкардо.

               ***

Чайы кайнап кумганда,

Майы кайнап казанда.

Аты жакшы Даткайым,

Ашы мынча фазанда!

Әлемге әйгілі Ибн Синаның өзі «Шай денені сергітеді, көңіліңді көтереді, жүрекке жылу ұялатады, ой салады, еріншектіктен арылтады» [2,  213], – деп бағалаған, Лев Толстой «Тіпті онсыз жұмыс істей алмағандықтан, мен шайды көп ішуге тиісті болдым. Жүрегімнің терең түкпірінде бұғып жатқан мүмкіндіктер шай арқылы ғана босанып шығып, жасампаздық мүмкіндіктеріне жол берді» [2,  36], – деп тамсанған, А.С.Пушкин:

Үйірілді, ымырт, ысқырып,

Жарқырап тұрды самаурын.

Ольга құйған кесеге

Хош иісті қою шай

Мазасын алды танаудың  [2, 119], –

деп жырлаған, Шоқан Уәлиханов «Ыстық кезде іздесең таптырмайтын ғажайып сусын ғой»  [6, 353],  – деп сүйсінген жанға жайлы ас-су бүгінде ешкімге де таңсық емес. Шай, сөйтіп, күнделікті қажетті сусынның бірі болып қалыптасты. Қазақ шаңырағы қазір шайсыз отырмайды.

Ал қазақ жеріне шай алғаш келгенде, жалпақ елдің бұрын-соңды көріп білмеген нәрсеге әуестікпен зер салуы заңды құбылыс еді.

Оған қоса айтылатын «Сары судан ас болды» сарыны – өзінің дағдылы тіршілігіне үйлеспейтін затқа, әдет-ғұрыпқа, дәстүр-салтқа бірден үйірсектей алмағандықтың белгісі. Бұл қазақтың ырыс-несібесін көшпенді өмірдің сән-салтанатымен байланыстыратын зар заман ақындарының еркіндікті аңсаған көңіл-күйінің бір көрінісі болатын.

Отаршылдықпен бірге келген құбылыстарға қарсылық азаттық аңсаған, еркіндікке ұмтылған халықтың рухани наразылығымен ұштасып жатқаны анық. Қайғы-қасірет тартса да, рухын жоғалтпаған қазақ жұртының көңіл-күйін қапысыз бейнелеген зар заман поэзиясы өкілдерінің шығармаларында идеялық-танымдық және көркемдік-эстетикалық көзқарастар бірлігі елдік мұраттармен, ұлт мүддесімен үндестік ыңғайында көрініс тапты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жұмалиев Қ., Қирабаев С. Қазақ әдебиеті. Алматы: Мектеп, 1977. –230 бет.

2. Гусляров Е.Н. Бір кесе шай. Алматы: Қайнар, 1988. – 240 бет.

3. Ысмайылов Е. Нармамбет ақын // Нармамбеттің өлеңдері. Алматы: ҚҚӘБ, 1939. – 76 бет.

4. Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. Алматы: Қазақстан, 1993. –80 бет.

5. Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. 1-том. Алматы:Жазушы, 1989. –384 бет.

6. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1985. – 560 бет.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Автор:
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор 

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte